СӘН-САЛТАНАТЫ ЖАРАСҚАН МЕЙРАМ

0

Наурыз мерекесі – көктемнің келгенін, табиғаттың жаңаруын білдіретін әрі халықтың бірлігін, татулығын нығайтатын мейрам. Бұл мейрамда тек ұлт пен ұлыстың ғана емес, адамдардың жүрегіне де жылу сыйланады.

Степной ауылында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шара барысында ауылдың орталық алаңында ұлттық нақыштағы киіз үйлер тігіліп, этноауыл құрылды.

Шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, ауыл өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Сонымен қатар, тұрғындар үшін ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ақ дастарқан жайылып, наурыз көже ұсынылды.

Мерекеге жиналған ауыл тұрғындары мен қонақтар бір-біріне ізгі тілектерін білдіріп, бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті.

Әз-Наурыз мерекесі Кенен ауылында ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Мерекелік іс-шара ауыл орталығында ұйымдастырылып, шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, көріністер арқылы көпшілікке ұсынылды.

Сонымен қатар, өнерпаздар ән шырқап, күй тартылып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар ойнатылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Сарыбұлақ және Қайнар ауылдарында ұлттық мереке жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шараларға екі ауылдың да тұрғындары белсене қатысып, тағылымы мол, берекелі басқосу өтті. Ауыл мешіттерінде және орталық алаңдарда ақ дастархан жайылып, тұрғындарға наурыз көже ұсынылып, ұлттық тағамдар таратылды. Бұл игі бастама ел бірлігі мен татулығын нығайтуға бағытталды.

Ауқатты ауылында Ұлыстың ұлы күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара барысында ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, қазақ халқының бай мәдени мұрасы кеңінен насихатталды. Алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауыл көрінісі жасақталды. Келушілерге ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлерден көріністер көрсетілді. Сонымен қатар, өнерпаздар ән мен күйден шашу шашып, көпшілікке мерекелік рух сыйлады.

Ауданның шалғайында орналасқан Көктөбе кез келген істі ауызбіршілікпен атқарып, ортақ мәселелерді бірлесе шешуді дәстүрге айналдырған. Соңғы алты жыл көлемінде ауыл түлектері Наурыз мерекесін ерекше атап өтуді қолға алған. Жыл сайын мәдениет үйінде ұйымдастырылатын бұл шарада мерекені өткізген түлектер келесі буынға эстафета жолдайды.

Биыл бұл игі дәстүрді 1975 жылы туған түлектер жалғастырып, «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты мерекені бұрынғыдан да ауқымды, ерекше форматта өткізді. Аталған түлектердің қатарында бүгінде кәсіпкер, дәрігер,мұғалім және өнерімен ауданға танымал қобызшы бар.

Түлектер өздерінің сынып жетекшісіне және пән мұғалімдеріне ақшалай сыйлық жасап, білім алған алтын ұя мектептеріне киіз үй сыйлады. Сонымен бірге, мәдениет үйіне сыйлық ұсынып, ауылда салынып жатқан хатымханаға 100 000 теңге көлемінде демеушілік көрсетті. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген Архат Акилге ауылдастарының алғысы шексіз.

Айтулы мереке Жамбыл ауылында да кең көлемде атап өтілді. Бұл шараға ауыл тұрғындары жаппай қатысып, көпшілікке бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын ұғындырды. Жұртшылық наурыз көжеден дәм татып, береке мен ырыстың мол болуын тіледі. Әсіресе, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлердің орындалуы шараның мән-маңызын арттырды.

Жалпы осы күні ауданымызағы барлық ауылдық округте Ұлыс күні кең көлемде аталып өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.