Адам өмірінде мәңгілік есте қалатын, ұмытылмас сәттер көп. Осындай маңызды даталардың қатарында есеюге жасалған алғашқы қадамдардың бірі, қызығы мол мектеп жылдары. Мектеп бітірумен қатар оқушылар балалық балғын шақты да артта қалдырады. Алда жарқын әрі жаңа жетістіктерге толы өмірінің жаңа белесі басталады. Ауданымыздың биылғы мектеп бітіруші түлектері осындай тамаша сәтті бастан кешуде.
Сейсенбі күні 1458 қордайлық оқушы маңызды құжат – орта мектепті бітіргені туралы аттестатты қолға алды. Бұл күнге олар нық сеніммен келді. Олар өздерінің көңілді күндерін, сыныптастарын, екінші үйіндей болған мектебінде өткен қызықты балалық шағын мәңгі есте сақтайды. Осы уақытта көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 11 жыл бойы білім алған алтын ұя мектеппен қоштасатын сәт келіп жетті.
Жетістіктер демекші, аудан ұстаздарының мақтанатын жайы бар. Биылғы мектеп түлектерінің 19-ы «Алтын белгі» иегері атанды, 37 оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. Сонымен қатар, бұл күні 2854 түлек негізгі мектепті бітіргені туралы құжат алды. Бұл күні №2 М.Ломоносов атындағы орта мектепте қоштасу кеші өтті. Білім ошағының директоры Индира Дауткулова 2023 жылғы түлектер жайлы үлкен мақтанышпен сөз етті. Биыл мектепті 77 оқушы бітірді, 4 түлек емтиханнан сүрінбей өтіп, «Алтын белгі» иегері атанса, бес оқушы үздік аттестат алды.
Оқушылардың өздері де жан тебіренісін жасырмады. -Бүгіннен бастап балалық шағым сүйікті мектебіммен бірге артта қалатынын түсінемін, алдымызда үлкен өмір жолы күтіп тұр. 11 жыл бойы бізді білім нәрімен сусындатып өсірген, әрбір еркелігімізді көтеріп, барынша сапалы білім берген барша ұстаздарыма алғыс айтамыз. Келешекте үмітін ақтаймыз деп сенемін. Сыныптастарыммен қоштасу қиын, бірақ бұл өмір заңы. Бір-бірімізді ұмытпай, кездесіп тұруға уәде бердік, — дейді 11-сынып бітірушісі Алина Асыл.
Бозбалалар мен бойжеткендерді шынымен де ғажайып саяхат күтіп тұр. Олардың әрқайсысы өмірде өз орнын табады. Жолдары таза, нұрлы болып, білімдерін арттырып, ең бастысы бақытты жандар болуын тілейміз.
Шолпан САБАНОВА