Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша кезекті өңірлік штаб отырысы өтті. Жиынға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек, Тараз қаласы және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасы және облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.
Басқосу барысында қор филиалының директоры үш негізгі мәселе бойынша баяндама жасады.
Атап айтқанда:
- Облыс халқын МӘМС жүйесімен қамтуды арттыру;
- «B» санатындағы сақтандырылмаған азаматтардың тізімін өзектендіру;
- Медициналық қызмет сапасына қатысты тұрғындар тарапынан түсетін шағымдарды азайту мәселелері қаралды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша сақтандырылған азаматтар саны 946 мыңнан асса, сақтандырылмағандар саны шамамен 230 мың адамды құрап отыр. 2025 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша Отбасы цифрлық картасының деректеріне сәйкес, аудандар бөлінісінде сақтандырылмаған халықтың тізімі жасалды. Қордай, Меркі және Шу аудандарында МӘМС жүйесінен тыс қалып отырған азаматтардың үлесі жоғары.
Мысалы, Қордай ауданында 33 мыңнан аса адам сақтандырылмаған. Бұл мәселеге байланысты қор өз тарапынан талдау жүргізіп, сақтандырылмаған азаматтардың ЖСН-і бойынша тізімін дайындағанын атап өтті.
Ғайни Төленқызының айтуынша, соңғы бір ай ішінде облыста сақтандырылмаған азаматтар саны 4 500 адамға артқан.
«Бұл бағытта нақты талдау жүргізуіміз қажет. Жергілікті атқарушы органдар елдімекендер мен нақты округтер бойынша бөлу, көші-қонмен байланысты жұмыстарды күшейту, қайтыс болған азаматтарды уақытылы тіркеу, басқа өңірге қоныс аударғандар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды анықтау, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар туралы нақты ақпарат жинауға ерекше мән беруі тиіс», — деді Ғайни Төленқызы.
Сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша Айжан Есмағамбетова аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аурухана басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Қордай ауданы сақтандырылмаған азаматтар саны бойынша алдыңғы орында тұр. Сондықтан аудан 20 тамызға дейін жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуі қажет. Азаматтардың ЖСН-дері қолдарыңызда бар, енді осы алгоритм бойынша жұмысты күшейту қажет. Ал қалған аудандар 1 қыркүйекке дейін өз есептерін дайындауға кіріссін. Қор филиалы тарапынан оқыту семинарлары ұйымдастырылады», — деді Айжан Серікқызы.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға тұрғындардан келіп түсетін шағымдарды азайтуды, аурухана басшыларының жауапкершілігін арттыруды және артық шығындарға жол бермеуді тапсырды.