Кейінгі кезде үйде отырып-ақ түрлі кәсіпті меңгеруге болатынын байқауға болады. Бұған көбіне әлеуметтік желінің дамуы өзіндік үлесін қосқаны рас. Әлеуметтік желі тек адамдардың бір-бірімен хабарласуын оңайлатып қана қоймай, үлкен сауда алаңына да айналды. Осының арқасында халықтың мол мүмкіндігі пайда болды. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, өз өнерін жұртшылыққа паш еткен кейіпкеріміз жайында аз-кем сөз өрбітсек…
Жансұлу Мұқатова бала күтіміне байланысты үйде отырып өзіне жаңа хобби тауып, сабын жасау ісін қолға алған. Бұл ой оған «Youtubе» желісіндегі бейнероликтерді көрген кезінде келіпті. Қолынан іс келетін Жансұлуға сабын жасау ісі айтарлықтай қиындық туғызбаған. Өз қолымен сабын жасау қызықты әрі тартымды іс болғандықтан, оған тез үйреніп, бұл оның сүйікті ісіне айналып кеткен. Мұндағы бір ерекшелік ретінде бірнеше сағаттың ішінде өз жұмысыңның тамаша нәтижесін көруге болатын айтуға болады. Ал, сабынның түсі, түрі, иісі өнер иесінің қалауы мен талғамына байланысты. Жансұлу Мұқатова гүл, мултьфильм кейіпкерлері, жануарлар мен жүрек пішіндерін сабыннан жасайды.
Бұл ерекше бұйымдарды ол алғашқы кезде жақындарына ерекше сыйлық ретінде ұсынып жүрген. Бұйымдар оның туыстарының көңілінен шығып, сол сәттен бастап бикеш сабын қайнату ісін меңгеруге бел буды. «Youtubе» желісінде сабын жасау туралы бейнебаяндардағы мәліметтер істі бастау үшін жеткіліксіз болды. Алайда, табиғатынан жігерлі Жансұлу осы жұмыстардың майталман шеберлерін іздестіре бастайды. Осылайша ол Нұр-Сұлтан қаласында тұратын шеберге жолығып, сабын жасаудың қыр-сырын үйреніп шығады. Кейіпкеріміздің айтуынша, жай ғана қызығушылықтан басталған ісі кейін табыс көзіне айналады деп ойламаған да екен.
Бірақ, бүкіл әлемді шарпыған пандемия салдарынан сабын қайнату ісін кейінге қалдыруға тура келеді. Шикізат пен қажетті материал таусылып, оларды жеткізуге мүмкіндік болмады. Онда да Жансұлу қол қусырып отырмай кондитерлік бұйымдарды пісіруді қолға алды. Ал, карантиндік шектеулер жеңілтілгеннен кейін оның хоббиі толыққанды жобаға айналды. «Мұқатовтардың сабын қайнату өндірісі» атты жобаның әлеуметтік желілерде өз парақшалары және тұрақты сатып алушылары бар. Қазір клиенттер саны ұлғаюда. Іс жүзінде, әдемі орамға қапталған қолдан жасалған сабынға қызығатын адам көп болып шыққан. Тапсырыс саны күннен күнге көбейіп, жұмыс ауқымы да арта түскен.
— Қарапайым компонентерден керемет өнер туындысын жасап шығару өте қызық. Кейде бұйымды мінсіз жасау үшін екі аптаға дейін уақыт, бірнеше келі шикізат қажет болады. Ойдағыдай шықпаса басынан бастаймын. Сабын қайнатудың екі түрі бар – нөлден, яғни толыққанды өндірістен және дайын қатты негізден. Нөлден бастауға әлі дайын емеспін. Химиялық барлық процестерді игере алмаймын. Ең бастысы сатып алушыларға кері әсерін тигізбесе екен деймін,– дейді Жансұлу Мұқатова. Шағын кәдесыйлардан түймедақ, меруертгүл, ақгүлдің немесе кофенің, француз парфюмдерінің иісі аңқып тұрады.
— Бұл сабындар жақсы көпіреді. Менің сатып алушыларым сабынның өндірістік сабынға қарағанда ұзаққа жететінін айтуда. Дегенмен, сатып алушылардың көбісі бұл әдемі бұйымдарды жаратуға қимай, сақтап қояды екен, — дейді шебер.
Жансұлудың айтуынша, тапсырыс берушілер көбінесе гүл шоқтарын немесе туған күнге орай цифрларды ұнатады екен, сонымен бірге «тақырыптық» сабындар да сұранысқа ие.
— Өзімді бұл хоббисіз елестете алмаймын. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, арнайы орынды ашып, өндірісті ұлғайтуды, нөлден бастап сабын қайнату процесін меңгеріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын. Барлық бастамаларымды қолдап отырған жолдасыма рақмет. Сабын қайнатудан бөлек тұсау кесу мерекесіне арналған бұйымдарды да жасаймын. Осыған орай оны жасау процесін үйреніп, қажетті құрал-жабдық пен материал сатып алдым. Тапсырыс Қордайдан ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Петропавл қалаларына жолданады, – деп алдағы жоспарларымен де бөлісті жас кәсіпкер.
Ләйлім Досембекова