САХНА САҢЛАҒЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІМЕН ТАНЫСТЫ

0

Өткен аптада аудандық музейдің Отар ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесінде КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқанованың туғанына 110 жыл толуына орай «Сахна тарланы – Сәбира» атты ашық сабақ өтті.

Іс-шараға №41 К.Әзірбаев атындағы орта мектептің 4 «В» сынып оқушылары қатысты. Шараның мақсаты — оқушыларға эстетикалық тәрбие бере отыра, Қазақстанның театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, актриса Сәбира Майқанованың өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау. Сабақ барысында оқушыларға сахна саңлағының фотосуреттері көрсетіліп, өнегелі өмірі, сомдаған рөлдері мен өнердің биік шыңына жеткен жетістіктері туралы айтылды. Шара соңында үйірме залы бойынша экскурсия жүргізілді.

Актриса 1914 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. 1932 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Театр сахнасында сомдаған тұңғыш рөлі – Б.Майлиннің «Майдан» драмасындағы Алтынай. Бұдан кейін ол замандас құрбыларының сахналық бейнесін жасады. Роза (Д.Рахманқұлов, «Документ»), Зотова (В.Киршон, «Астық»), Рая (М.Әуезов, «Алма бақ»), Гүлжәмила (М.Әуезов, Ә.Тәжібаев, «Ақ қайың»), Любовь Яровая (К.Тренев, осы аттас пьеса), Әлжан (М.Әуезов, «Абай»), Зейнеп (С.Мұқанов, «Шоқан Уәлиханов»), Мақпал (Ғ.Мүсірепов, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»), Толғанай (Ш.Айтматов, «Ана — Жер-Ана»), Кесария (О.Иоселиани, «Арбаң аман болсын»), Тхань (И.Куприянов, «Вьетнам жұлдызы») сияқты аяулы аналар образын мүсіндеп, сахна суреткері ретінде танылды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және медальдармен марапатталған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.