БАЛАЛАРҒА БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ

0

«ВАТСАПТАҒЫ» ТОПТАРҒА ТОҚТАУ БАР МА?

«Whatsapp» – қосымшасы күнделікті өмірімізде қолданатын айнымас серігімізге айналғаны қашан. Телефонды ашқанда алдымен сол қосымшаға келген хабарламаларды қараймыз. Үйде, жұмыста қолдануда өте пайдалы әрі тиімді. Бірақ, «таяқтың екінші ұшы бар» екенін де айта кеткен жөн болар. Бұл қосымша қазіргі таңда балалардың да үйреншікті алаңына айналды. Әсіресе әр мектепте, әр сыныпта оқушылардың өзіндік топтары бар. Сол топтарға бақылау мүлдем жоқ.

Сынып жетекшісі отыратын топқа барлық оқушылар енгізілген. Ол жерге сабақ кестесі, тапсырмалар, немесе басқа да шұғыл хабарламалар салынып отырады. Ал, одан бөлек мұғалім жоқ топтар ашып алған кіші сынып оқушыларының ол жерге не салатынын, не айтатыны туралы ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Байқағанымыз, бірнеше жыл қатарынан айтылып та жазылып та жүрген кибербуллинг осыдан басталатын сияқты. Ол енді басқа әңгіме. Оқушылар өздеріне ашып алған «ватсаптағы» топтарға оралсақ. Қазір әр отбасы әрқайлай күн кешеді. Біреудің «тасы өрге домалап жатса», кейбір отбасыларда қиыншылықтар орын алып, «қысқа жіп күрмеуге келмей» жатқаны да шындық. Осы кезде жағдайлы отбасы балалары сол топқа ата-анасы не сатып әперді немесе кешкілік тамаққа қандай тағамдар тапсырыс берді, бүгін қандай керемет жерлерге қыдырды, барлығын салып, тіпті оны небір қайрайтын сөздермен жазады. Осы кезде қарапайым ғана отбасы баласы соның барлығын көріп отырады. Қызығушылық, қызғаныш туындайды. Ал, балалар қазір өте қатал, қатігездеу. Артық сөздер жазады. Небір анайы сөздермен тұздықталған сөйлемдерді үлкен адамдар жазбайтын шығар. Осының барлығы ойландырмай қоймайды. Жоғарыда атап өткеніміздей осыдан кейін кибербуллингтің басталуы немесе балалардың депрессияға түсуі, сабақ үлгерімі нашарлауы, тіпті өзге де психологиялық жағдай нашарламасына кім кепіл?

Жақында еліміздегі бір аймақта жасөспірімдер әлеуметтік желіде сөзге келіп, ақыры пышақтасып, арты қайғылы жағдайға жеткізгені туралы көп айтылды. Осы орайда айтпағымыз, қазір жасөспірімдер арасында өте танымал «Инстаграмм» мен «Тик Токқа» тіркелу үшін жас шектеуі бар. Бірақ, жасы тіпті 14-ке жетпеген балалар сол желілердің көрігін қыздырып отыр. Яғни, олар жас ерекшелігін өтірік көрсетіп, тіркелудің оңай жолын тауып алған. Бірақ, олар қандай контент қарап отыр, нені көреді, белгісіз. Өйткені, балаларды интернет тәрбиелеп жатыр, деген сөздер жиі айтылғанымен оған тікелей бақылау жоқтың қасы. Баланың қолындағы телефонды тартып алуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал, оны бақылайтын ата-ана тірліктің қамытын басына киіп, өз шаруасымен әуре.

Біздің ой кінәлау немесе біреуді мінеу емес, тек балалар қауіпсіздігіне жауапты мамандарға ескерту. Аудан балалары, оқушылар қазір «ватсапты» мықты игерген, «тик токта» еркін жүзеді. Ертең осы алдымыздан үлкен проблема болып шығып жүрмесін. Бұлай айтып отырған себебіміз ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Халықаралық ұйымдармен  бірлесе жүргізілген «Kazakhstan Kids Online» ауқымды зерттеуі негізінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты елеулі сын-қатерлер анықталған. Зерттеудің негізгі қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет төрт жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие. Осыдан кейін қауіп қайдан демеңіз.

 

ҚОРДАЙ ДҮКЕНДЕРІНДЕ ҚЫТАЙЛЫҚ ТӘТТІЛЕР ҚАЙДАН ЖҮР?

Оқушылар туралы тақырыпты қозғаған соң олардың тамақтану жайына да тоқталмай өтуге болмас. Аудандағы әр мектепте асхана бар. Онда түрлі тағамдар беріліп, сусындар сатылады. Бірақ, балалар асханаға емес мектеп жанындағы дүкендерге құмар-ақ.  Фаст-фудтың түр-түрін сататын дүкендерде одан да қауіпті дүниелер сатылып жататыны жасырын емес.

Қазір балалар арасында түрлі қытайлық дәмдер танымал болған. Қаптамасында бір ауыз не қазақша, не болмаса орысша түсініктемесі жоқ, тек қытай тілінде жазылған ол дәмділер күтік тудырмай қоймады. Қолына азын-аулақ ақшасын беріп, үзілісте ас-суын алып жүрсін деген ата-ана қамқорлығы керісінше бала денсаулығына кері әсер етіп жүрмесіне кім кепіл? Сол аты-жөні белгісіз, сапасы, жалпы құрамы тек күдік пен күмән тудыратын тауарлар қалай мектеп маңындағы дүкендерге жетті? Оны саудалап отырған адамдардың да балалары бар шығар.

Бірақ, ақшаның күші ұяттың дидарын көмескі етіп тастайтыны да қоғам шындығы ғой.

 

«ҰЯТСЫЗ, АРСЫЗ САЛТЫНАН, ҚАЛҒЫП КЕТЕР АРТЫНАН…»

Былтыр балалар жиі отыратын әлеуметік желілерде, алдымен «ютубта»  «Скибиди-туалет» атты видео қатты таралды. Түсінесіз бе, айтуға ұялатын нәрсе балалар арасында қатты танымал болды. Кәдімгі үйде тұратын унитаздан адамның басы шығып тұрады.

Құры шықпай түрлі қимылдар жасап, басы бейнекамера, денесі адамдікіндей құбыжықтармен соғысып жүргені. Осы балалар арасында танымалдығы артқаны соншалықты дүкендерде унитаздан басы шыққан адамдар бейнесімен ойыншықтар сатыла бастады. Сорақысы сол ауданымыздағы ірі ойыншық дүкендері бірден сатылымға шығарды. Сұраныс та жақсы сияқты. «Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көрмеппін» демекші, одан өткен сорақысы сол аудан орталығындағы кейбір ірі дүкендерде сол унитаз пішіндес, ішіне небір тәттілер толтырылған ойыншықтар сатыла бастады. Ал керек болса.

О заман да бұ заман, унитаз пішіндес ыдыстан кім тамақ ішіп еді. Ыдыстың шетінде кір байқаса тағамнан бас тартатын кірпияз халық ұрпағы едік қой. Ал, қазір балалар дәретхана пішінінен тамақ жеуден тайынып отырған жоқ.

Осының барлығы тәрбиеден. Бақылаусыз кетуден. Ал, ақшаға құмартқан кейбір кәсіпкерлердің сенің ұлттық болмысыңа түкіргені бар екендігінің дәлелі. Сәл намыс болса өз дүкеніне сондай заттар қоймас еді. Өйткені сұраныс бар. Басқа әңгімең көк тиын. Намыс дейміз, сол намыс болса ата-аналар балаларына соны әпермес еді. «Ұятсыз, арсыз салтынан, Қалғып кетер артынан», — деп Абай осындай тірліктерді байқағанда айтқан болар, ал ұлт болмысы туралы шерленген Шерағаң бір «Кем дүние дер еді».

Басқа айтар сөз жоқ.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.