13 қаңтарда Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы атқарған жұмыстары және 2026 жылға жоспарланған жұмыс барысы туралы сайлаушылармен есептік кездесуі өтті.
Аталған жиынға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Абылқайыр Боранбаев, және аудандық мәслихат төрағасы мен депутаттары, құқық қорғау және сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы мен бас инспекторлары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен жергілікті қауымдастық төрағалары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төраға, орынбасар, хатшылары қатысты.
Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуде аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асылбек Сырлыбаев 2025 жылы Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының атқарған жұмыстарына және 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының орындалу барысына тоқталып өтті.
Өткен жылдың басынан бері өткен 8 ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы (Сортөбе, Степной, Сұлутөр, Бетқайнар, Үлкен Сұлутөр, Қаракемер, Қарасай, Қақпатас) бойынша баяндады.
Сондай-ақ, 2026 жылы ауылдық округ әкімдерінің өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты ауыл әкімдерінің кезекті сайлауы бойынша ақпарат берді.
Келесі сөз кезегі Қордай ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұлға беріліп, жергілікті атқарушы орган мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы туралы, учаскелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы, аудандағы сайлау учаскелері және сайлаушылар тізімін өзектендіру бойынша баяндама жасады.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы есептік кездесудің маңыздылығы, облыс көлеміндегі сайлау мәселелері, сайлау жүйесіндегі жаңа реформалар, сайлаудың ашықтығы мен жариялылығы, кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен саяси партиялардың байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру жұмыстары туралы баяндады.
«ҚР Орталық сайлау комиссиясының және облыстық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейін арттыру бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды.
Комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін шыңдауға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар және т.б ісшаралар ұйымдастырылды.
Өткізілген іс-шараларда сайлау процесін ұйымдастырушыларға сайлаудың заң талаптарына сәйкес өтуіне және оның ашықтығын қамтамасыз етуге басымдықтар берілді.
Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы барлық денгейдегі сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби деңгейі едәуір жоғарылады деп айтуға негіз бар.
Оның айғағы, өткен алты жылда сайлау комиссияларының сайлауды даярлауға өкілеттігі бар мемлекеттік органдар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, ҚР Президентінің екі сайлауын, Парламенттің екі Палатасының (Сенат және Мәжіліс), барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екі сайлауын, Республикалық Референдумды және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ және аудан әкімдерінің сайлауын заң талаптарына сәйкес өткізуі.
Сонымен қатар, жастарымыздың қоғамдағы рөлі мен олардың саяси белсенділігін арттыру мақсатында, өткен жылы өңірлерде «Жас сайлаушылар» клубтары құрылып өз жұмыстарын бастады.
Бір сөзбен айтқанда, жас сайлаушылар клубтары диалог пен практикалық алаң ретінде қызмет атқарып, жастар тарапынан қолдау табуда.
Олар білім беру квиздерін, комикстерді, интерактивті материалдарды, сондай-ақ, мектеп, колледж және университет денгейіндегі өзін-өзі басқару аясында түрлі жобаларды даярлап іс жүзінде жүзеге асыруда.
Оның айғағы ретінде өңірлерде өткен жас сайлаушылар форумын айтуға болады. Онда жастар сайлау жүйесі туралы кең ауқымды ақпарат алып қана қоймай, пікірталастарға қатысып, өз сауалдары мен ұсыныстарын ортаға салды».
Кездесу барысында аудан әкімі Бегзат Сейсенқұлұлы сөз сөйлеп, сайлаудың ел өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, сайлау процесін заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ ұйымдастырып өткізу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
Өз сөзінде аудан әкімі Бегзат Болатбеков алдағы сайлаудың жоғары деңгейде өтуі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанын атап өтіп, жиынға қатысушыларды азаматтық белсенділік танытуға шақырды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, Жастар ресурстық орталығының маманы және Қақпатас ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасының тарапынан түрлі сұрақтар қойылып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жан-жақты әрі нақты түсіндірмелер берілді. Қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап беру арқылы сайлау процесіне қатысты өзекті жайттар кеңінен талқыланды.
Іс-шара барысында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов пен Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков сайлау науқаны кезінде жоғары ұйымдастырушылық қабілет пен жауапкершілік танытқан комиссия мүшелерін Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
С. Айдапкелов сайлау процесін заңнама талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізуге қосқан үлестері үшін алғысын білдіріп, атқарылған жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, алдағы уақытта да сайлау жүйесін жетілдіру бағытындағы бірлескен жұмыстарға сәттілік тіледі.
Қордай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы