«САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» пойызы Қордай ауданында

0

Осы жылдың 26 сәуірінде еліміздің ең үздік дәрігерлері, медиаторлары, психологтары және заңгерлерінің қатысуымен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасы бастау алған болатын.

Ел аймақтарының шалғай станцияларында тұратын азаматтарға тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету мақсатымен іске асырылған жобаның игілігін  Қордай ауданының тұрғындары да көруде.

Нақтырақ айтсақ, дүйсенбі күні  «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы аудан орталығынан  112 шақырымдай қашықта орналасқан Бел ауылына келіп жетіп, ауыл тұрғындарын  тегін медициналық тексеруден өткізді.

Жамбыл облысына 20 қараша күні жеткен денсаулық пойызы өңірдің шалғай орналасқан жеті станциясын аралап, ақырғы Бел станциясына келіп тоқтаған. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысушыларды Бел стансциясында салтанатты түрде күтіп алды. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысып, бұл жобаның шалғай елді мекен жұртшылығы үшін таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті.

Бұл күні таңмен таласа тұрып, білікті дәрігерлерге көрінуге жиналған халықтың қарасы қалың болды. Белдіктер екі күн қатарынан кәсіби мамандардан, оның ішінде 15 дәрігер мен 7 медбикеден тегін тексеруден өтіп, қаралуларына мүмкіндік алды. Қабылдауды терапевт (педиатр), тіс дәрігері, көз дәрігері, отоларинголог, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог, кардиолог дәрігерлер жүргізді.

Айта кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен (УДЗ, флюорографиялық аппарат, жүрек УДЗ, ЭКГ және т.б.), зертханалық базамен, шағын операциялық бөлмемен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет жобаға биылдан бастап кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, олар тұрғындардың әртүрлі топтарына тегін медиация және заңгерлік көмек көрсетті. Атап айтатын болсақ, даулар мен жанжалдар сотқа дейін және сотта медиация тәртібімен және оларды одан әрі жан-жақты қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алуға құқықтары, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселелері бойынша тегін кеңестер берілді, төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік заңнамаға енгізілген жаңа өзгерістер туралы ақпараттар ұсынылды.

Жоба аясында әлеуметтік жағынан мұктаж топтарға көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінді, олар жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар, мүгедек және ауыр дертке шалдыққан балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, жұмыссыз жастар, мүгедек әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, ажырасқандар және басқаларға медиация келісімін жасасуға және қиын қаржылық жағдайға тап болған азаматтарға өз мәселелерін шешу жолдарына көмек берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.