«SALAUATTY JASTAR» ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

0

Жастарды бұқаралық спортқа тарту, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға дағдыландыру – қазіргі заманның басты талабы. Себебі, дені сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы. Әрбір адам өзіне, халқына, Отанына көбірек пайдасын тигізуі үшін дені сау, күшті, епті, қиындықтан қорықпайтын төзімді, қабілетті болуы тиіс. Осы мақсатта елімізде көптеген жұмыстар қолға алынуда.

Мәселен, сенбі күні Әлжан ана ауылында «Салауатты ауыл» атты акция басталды. Іс-шараның мақсаты – қоғамның және мемлекеттік органдардың назарын ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға және нығайтуға аудару, сонымен қатар тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосу. Акцияға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай,  «Primary Health Care» Ұлттық Қауымдастығының президенті Төлебай Рақыпбеков және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова қатысты.

Әлжан ана ауылдық дәрігерлік амбулаториясында бастау алған акция барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауыл халқын жаңа акцияның басталуымен құттықтап, тұрғындарға мықты денсаулық тіледі. Ал, профессор Төлебай Рақыпбеков ауырмаудың алдын-алу, ұзақ жасау, денсаулықты күту, тиімді тамақтану туралы баяндама жасап, тұрғындардың көкейіндегі сауалдарына жауап берді.

Жанар Оспанова науқастарға көрсетілетін тегін медициналық көмек түрлері мен оларды алу жолдарын да түсіндірді. Өйткені, ауыл адамдарының көбі тегін медициналық көмектің түрлерін толық біле бермейді. Ауданда алғаш рет енгізіліп отырған «Салауатты ауыл» акциясы аясында атқарылатын жұмыстар жайы толық тарқатылды. Ауыл тұрғындары игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.

Кейіннен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде түрлі салалық дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, консультация берді.

Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қордай ауданы әкімдігінің арасында «Салауатты ауыл» жарғысы қабылданып, кейіннен Қордай ауылында «Salayatty jastar» атты денсаулық орталығының ашылуы болды. Іс-шара Қордай орталық ауруханасында өткен конференциямен жалғасты. Конференцияда тұрғындарға медициналық көмек көрсету мәселесіне қатысты баяндамалар оқылып, мамандар арасында талқыланды. Іс-шара соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова тұрғындарды қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.