САПАЛЫ БАЙЛАНЫСҚА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

0

Өткен жұмада аудан әкімдігінде сапалы байланыс жүйесімен қамтамасыз ету бойынша жиын өтті. Оған  Қордайға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті Шымкент қаласы және Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары бойынша Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы Ержан Тоқтағұлов,  облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков қатысты.

Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл төрағалық етті. Мекеме мен ауылдық округ әкімдері, байланыс операторлары өкілдері басын құраған жиында алдымен Ержан Тоқтағұлов сөз алып, Қордай ауданы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар проблемалық мәселелер туралы айтып өтті. Солардың ішінде интернет сапасын арттыру бойынша байланыс операторларына бірқатар ескертулер айтылды. Әсіресе, мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын арттыру бойынша сөз болып, осы мәселені операторлар мықтап қолға алу қажеттілігі баса айтылды.

Ал, Руслан Нокрабеков жақын болашақта ауданның шалғай ауылдары сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз етілетіндігін жеткізіп, осы орайда ауыл әкімдері белсенділік таныту қажеттігін айтты. Жиын барысында байланыс мұнараларын орнату жөнінде жер қатынастары бөлімі, ауыл әкімдерімен туындаған проблемалар бойынша пікір алмасып, оның шешу жолдары да қарастырылатын болып келісілді.

Еске сала кетсек, ауданда талшықты оптикалық байланыс желісімен 29 елді мекен қамтылған.  Қордай, Әлжан ана, Жамбыл, Степной, Бетқайнар, Қақпатас, Сарыбұлақ, Қайнар, Алға, Отар, Гвардейск, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер  ауылдарында жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен қамтамасыз етілген.

2020 жылы «Цифрлы Қазақстан»  бағдарламасы аясында ұзындығы 134 шқ құрайтын Қордай ауданының 14 елді мекеніне Сұлутөр, Үлкен-Сұлутөр, Ноғайбай, Беріктас, Жаңатұрмыс, Арал, Қалғұты, Өтеген, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылып, нәтижесінде 43 мемлекеттік мекеме жоғары жылдамдықты  интернетке қосылған.

Жандос Омаров

Leave A Reply

Your email address will not be published.