Сарбаздар әскери техникамен марш жасады

0

Гвардейск гарнизонында 30212 әскери бөлімінің сарбаздары әскери техникамен марш жасады.

Аталған бөлімнің кіші мамандар даярлайтын мотоатқыштар және танкистер әскерлері әскери мектебінің механик-жүргізушілері БМП жаяу ұрыс машинасы мен Т-72 танк техникаларымен марш жасады. Курсанттардың әрқайсысы 25 шақырым жолды жүріп өтті. Іс жүргізу сабағында қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, жаттығу тиісті деңгейде өтті.
Жоспарға сәйкес механик-жүргізушілер әскери техниканы жалпы 120 шақырымға жүргізуі тиіс. Бұл ұзақтықты курсанттар қорытынды сабақтарда толық орындады.
– Біз әскери техникамен марш жасау кезінде курсанттардың дағдыларын іс жүзінде пысықтадық. Олар теориялық білімдерін әскери бөлім қабырғасында алды. Курсанттар жауынгерлік әскери бөлімдерде өздерін жақсы жағынан көрсетеді деп үміттенеміз, – деді 1-ші мотоатқыштар ротасының командирі ұлан аға лейтенанты Бекжан Төлебаев.
Әскери бөлімде кіші мамандар даярлайтын мотоатқыштар, танкішілер және артиллерия әскери мектептерінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігін айқындайтын мамандар даярланады. Атап айтқанда, БМП жаяу ұрыс машинасы мен Т-72 танктерінің механик-жүргізушісі, көздеуші-операторы сондай-ақ, БТР-80 брондалған транспортер, МТЛБ жеңіл брондалған тартқыш техникаларының механик-жүргізушісі, сондай-ақ артиллериялық қару-жарақ командирлері.
– Қазіргі таңда алған біліміміз бен тәжірибемізді әскери техникамен марш жасау кезінде дәлелдедік. Келешекте біліктілігімізді айқындай отырып, Қазақстан Қарулы Күштеріне өз үлесімізді қосамыз деп сенемін, – деді 1-ші оқу-жаттығу танк ротасының механик-жүргізушісі ұлан курсанты Қобланды Тұрар.
Айта кетейік 6 ай көлемінде оқу процесін тәмәмдаған курсанттар алдағы уақытта кіші маман сертификатын алып, Құрлық әскерлерінің жауынгерлік әскери бөлімдерінде әскери қызметтерін жалғастыратын болады.

Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.