САРБАЗДАР МҰРАЖАЙҒА САЯХАТ ЖАСАДЫ

0

Гвардейск гарнизонындағы 30212 әскери бөлімінің сарбаздары Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражайға барды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру деген болатын.
Осы орайда әскери бөлім басшылығы сарбаздардың мұражайға саяхатын ұйымдастырды. Саяхат барысында мұражай директоры Алмабек Жаманқозиев сарбаздарға мұражайдың тарихы мен Кенен Әзірбаевтың өмірбаянын және Кенен ауылынан шыққан атақты тұлғалар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ мұражайдың экскурсоводы Ляззат Барменқұлова мұражайда орналасқан 1920-1940 жылдардан бергі құнды құжаттарды, 1936 жылдардан бергі фотосуреттерді, көрнекті халық ақыны Кенен Әзірбаевтың жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен және композиторлармен түскен фотосуреттерді, мұражайдың экспонаттар жиынында 1910-1920 жылдары ақынның өзі тұтынған жеке бұйымдарын, кішкене қолдан шапқан домбырасын, астауын, түйе жүн шекпенін тағы басқа да заттарымен таныстырып, тарихын айтты.
Осындай жұмыстар жүргізу арқылы жастардың бойында туған жеріне деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезім қалыптасатыны анық.
– Біз бүгін Кенен Әзірбаев атындағы мұражайға келдік. Мұнда тарихи ескі заттарды өз көзімізбен көріп, керемет әсер алдық. Сондай-ақ мұражайдағы барлық заттардың тарихымен танысып, рухани азық алдық. Осы шараны ұйымдастырған әскери бөлім басшылығына үлкен алғыс білдіреміз, – дейді қатардағы жауынгер Амандық Бейсембаев.
Жамбыл облысы Қордай ауданы тарихи тұлғалар шыққан ғылым, мәдениет, өнер саңлақтары дүниеге келген қасиетті өңір.
Бұл мұражай 1981 жылдың 14 сәуірінде ресми түрде Жамбыл облысы мұражайының филиалы ретінде ашылып, мұражай кілті ақынның ұлы мұражайдың алғашқы директоры Көркемжан Кененовқа салтанатты түрде тапсырылғанын айта кеткен жөн.
Шара соңында сарбаздар қазақ халық әндерін орындап, көңіл-күйлерін көтеріп қайтты.

Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.