Сарбаздар сертификат алды

0

Гвардейск гарнизонындағы Құрлық әскерлері Оқу орталығының 1000-нан астам курсанттары оқуды бітіргені туралы сертификат алды.
Қарулы Күштер қатарына мерзімді қызмет атқаруға келген әскери қызметшілер жарты жыл бойы мотоатқыш, танк және артиллерия әскери мектептерінде даярлықтан өтті.
Оқу орталығын тәмәмдаған курсанттар, мотоатқыштар, танкішілер, артиллерия әскери мектептерінде кіші мамандықтар бойынша әскери білімдерін жетілдірді. Атап айтқанда БМП жаяу ұрыс машинасы мен Т-72 танк механик-жүргізушісі, көздеуші-операторы, брондалған көліктің механик-жүргізушісі Д-30 зеңбірегі мен БМ-21 жауынгерлік машинасының командирі, есептеуші, топогеодезист және барлаушы мамандықтары бойынша әскери білім алды.
— Біздегі оқу-материалдық база оқуды жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Курсанттар оқу сыныптары мен оқу-жаттығу құралдарында және полигондағы атыс алаңдарда оқып, әскери білімдерін жетілдірді. Олар оқу әдебиеттері бар кітапханамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар тәжірибелі оқытушылардың еңбегінің арқасында бізде оқитын әскери қызметшілер үнемі жоғары нәтижелер көрсетуде, — деді әскери бөлім командирі ұлан полковнигі Алмас Доспаев.
— Қазіргі таңда оқу процесі аяқталып, қолымызға кіші мамандар куәлігін алдық. Бізді оқытқан, білім берген жаттығуларға үйреткен офицер сержанттарға алғыс білдіргім келеді. Алдағы уақытта алған білімімізді бұдан да жоғары дәрежеде көрсететінімізге сенімдімін. Мен Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенімді мақтан тұтамын, — деді қатардағы жауынгер Данияр Магбаразимов.
Түлектер алдағы уақытта әскери мамандықтары бойынша Құрлық әскерлерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінде қызметтерін жалғастырады. Олар алған білімдерін іс жүзінде жауынгерлік даярлық барысында қолданатын болады.

Гвардейск гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы майор Жомарт Тажиханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.