Сауда саласының ардагері

0

Еліміздің мерекелік күнтізбесі 2017 жылы тағы бір айтулы күнмен толығып, шілде айының төртінші жексенбісі сауда қызметкерлерінің күні болып бекітілген еді. Кәсіби және басқа да атаулы күндерге орай қалам тербеуді игі дәстүрге айналдырған «шамшырақтың» тілшілері осы бір мерейлі дата қарсаңында да саналы ғұмырын сауда саласына арнаған ерен еңбектің иесі туралы жазуды жөн көріп отыр.

Степное ауылының тұрғыны Зиният
Махмудова – сауда-саттық саласында табан ауыстырмай елу екі жыл тер төккен еңбек ардагері. Бетқайнар ауылының тумасы ауыл мектебін алғырлығы мен зеректігінің арқасында үздік бітіріп, Жамбыл кооперативтік кәсіби техникалық училищесіне оқуға түседі. Оны аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасып, шыңдалу мектебінің алғашқы кірпішін кеңестік кезекші дүкенінде қалайды. Аз уақытта мол тәжірибе жинаған сатушы қызды кейінірек Бетқайнардағы орталық дүкенге ауыстырып, ол жерде үш жыл еңбек еткен. Таң атқаннан кеш батқанға дейін жалғасатын жұмыс оңай емес-ті. Оның үстіне кеңес заманындағы дүкендер жылыту жүйесінсіз, суық болғаны белгілі. Жұмыс барысында кездесетін кедергілерге қарамастан Зиният Ханышевна өз ісіне деген адалдығы мен зор жауапкершілігінің арқасында үлкен жетістіктерге жеткен.
«Өмір бір орында өзгеріссіз тұрмайды. 23 жасымда Степное ауылына келін болып түстім. Бала сүйіп, ана атандым. Бірақ мен жұмысымды тоқтатпадым. Талаптыдағы дүкенде меңгеруші болдым, 1976 жылы Степнойда дүкен меңгерушісі болып орналастым. Сол кезде жұмысшылар кооперативінің төрайымы болған Райхан Сапарбекова мені өндірістік азық-түлік дүкеніне ауыстырды. Бұрын өндірістік нысанда істеп көрмегендіктен бастапқыда қиынға соқты. Ғимарат үлкен еді, 157 шаршы метр, бір дүкенде алты бөлім болды. Жабылғанға дейін сол жерде дүкен меңгерушісі болып еңбек еттім. Жабылғаннан кейін өзім жұмыс істеген дүкенімді жалға алып жұмыс істей бастадым. Кейін бұл дүкендер сатыла бастағанда ойланбастан сатып алдым. Жөндеу жұмыстарын жүрзізіп, әдемі қалыпқа келтіріп алдым. Мен жұмыс орнымда бәрі рет-ретімен әрі таза тұрғанына қатты мән беретінмін. Тіпті бір күні әкімдіктен тексеріс келіп, дүкеніме таңырқай кеткен», — дейді саудагер.
Әр жеңістің артында қажырлы еңбек, еңсерілген қиындықтар бары мәлім. Зиният ханымның да еңбек жолы тек жетістіктерден құралмаған. Жұмыс істеген дүкендері күйреген шақтағы кедергілер, оны жалға алып, ішінде қалған тауардың қарызын өтеу, оның үстіне тоқсаныншы жылдардың басындағы ел басына туған қымбатшылық пен жоқшылық заманның зардабы да кейіпкерімізді айналып өтпеді. Өмір жолында кездескен сәтсіздіктерге қарсы тұра білген қайсар жан жастарға тәуекелден қорықпауға кеңес береді: – Өз мүмкіндігін біле отырып, тәуекелмен іске кіріссе, бәрі ойдағыдай болады. Бастысы – жаныңмен сүйген жұмысыңа адал болу. Халық үшін қызмет етсең маңдай тердің ащысы да білінбейді. Қиындықтар көп болғанымен пенде сынаққа төзе білуі керек. Сабырлы, мықты, өзіңе сенімді болғанда ғана бейнетіңнің жемісің көресің, — дейді кейіпкеріміз.
Саудагер әрқашан ұстамды әрі ақ жарқын болуы тиіс деп санайтын Зиният Махмудова аудан тұрғындарына сыйлы, көптің құрметіне бөленген ардақты азамат. Еселі еңбегін билік өкілдері әрдайым елеп, ілтипат көрсетіп отырғанын айтады. Суреті құрмет тақтасынан түспеген Зиният Ханышевна кеңес заманында ұйымның немесе мекеменің үздік қызметкерлеріне ғана берілетін «Кеңестік тұтыну кооперациясының үздігі», «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгілерінің иегері, сондай-ақ көптеген Құрмет грамоталары мен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Бүгінде жетпістің желкенін керген кейіпкеріміз немерелерінің қызығына бөленіп, бүтін бір отбасының ұйытқысы болып отырған жайы бар. Осыдан екі жыл бұрын денсаулық жағдайына байланысты дүкенін сатып жіберген екен. Жоғарыда Зиният ханымның ұқыптылық пен тазалықты жаны сүйетінін жазған болатынбыз. Бұған оның әсем ауласы мен бақшасын көргенімізде тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.