САУЛЫҚ – БАЙЛЫҚ НЕГІЗІ

0

12 мамыр – әлем бойынша медбикелер күні. Бұл мереке адамзаттың денсаулығын сақтаудағы медбикелердің рөлін атап өтеді. Ауру адамның өміріне батпандап кіріп, мысқылдап шығатыны белгілі. Халық даналығында айтылғандай, денсаулық мәселелері туындағанда, біз ақ халаттыларға жүгіре қаламыз. Сол ақ халатты жандардың бірі – Айнұр Иманжан, Қордай аудандық орталық ауруханасының медбикесі.

Ол – Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүниеге келген. Бала кезінен медицина саласымен қызметін байланыстыруды мақсат тұтып, 2016 жылы Талғар қалалық медициналық колледжін «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдады. Студенттік өмірінде алған білімдері мен тәжірибелері оған науқастардың денсаулығы үшін тиісті көмекті көрсету жолында мол мүмкіндік берді. Оқуынан кейін Қаскелең қаласындағы «Жанұя» медициналық орталығында қызмет етті. Онда кейіпкеріміз науқастардың ауыр жағдайларын жеңілдету үшін бар күш-жігерін салып, өзінің кәсіби шеберлігін арттырып отырды.

«Менің жұмысым – науқастармен тікелей байланыста болу. Олардың жағдайын білу, дәрі-дәрмектерін беру – барлығы менің міндетім. Әр науқастың денсаулығы мен үшін маңызды», — дейді Айнұр.

Айнұрдың жолдасы әскери қызметте, әрі 2023 жылы қызмет бабымен Қордай ауданына ауысуға тура келген. Осыдан кейін ол Қордай аудандық орталық ауруханасына учаскелік медбике болып жұмысқа қабылданады.

Жас та болса, тәжірибелі маман медбике қызметінің бір қалыпқа түспейтіндігін атап өтті. Күн сайын әртүрлі науқастармен жұмыс істеп, олардың денсаулығына жауапты болу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Науқастардың жай-күйін біліп, медициналық құжаттармен айналысудан бастап, препараттарды дайындауға дейін – медбикелер жұмысының ауқымы кең. Онымен қоса, бір орында отырып істелетін жұмыс емес. Сондықтан бұл қызметтің жауапкершілігі екі еселенеді. Науқастардың жағдайын бақылау, дәрігер қабылдауларына дайындық, үй аралау – бұл нәзік те жауапкершілігі жоғары мамандық иелерінің қызметінде.

12 мамыр – медбикелер күні, барша медбикелерімізге алғыс айтудың жақсы мүмкіндігі. Медицина саласында олардың рөлі орасан, әрі халықтың алғысына бөленуге әбден лайық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.