САЯСИ КЕҢЕСТІҢ ЖАҢА ҚҰРАМЫ БЕКІТІЛДІ

0

Сейсенбі күні аудандық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының  ХLVII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Партия аудандық филиалының төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаеваның төрағалығымен өткен конференцияның жұмысына «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нұрдин Садықов қатысты.Сондай-ақ, партияның Қордай аудандық филиалы Саяси кеңесі мен Саяси кеңесі Бюросының мүшелері, «AMANAT» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, Бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Жастар Рухы» Жастар Қанатының мүшелері, «AMANAT» партиясынан сайланған ауыл әкімдері қатысты.

Жиынның күн тәртібіне алты мәселе шығарылды. Оның біріншісі бойынша, яғни, «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы Саяси кеңесінің 2021-2023 жылдар аралығында атқарылған жұмысының есебі және алдағы міндеттері, оның ішінде, Сайлауалды бағдарлама аясында өңірлік Жол картасының іске асырылуы туралы Қ.Қыпшақбаева баяндама жасады. Осыдан кейін есепті баяндаманы талқылау бойынша конференция делегаттары К.Увалиева, Т.Апаева және «Жастар Рухы» жастар қанатының басшысы А.Аяпберген жарыссөзге шығып, аудандық филиалдың Саяси кеңесінің есепті мерзімде атқарған жұмысына  «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе — «Партия Қордай аудандық филиалының төрағасын сайлау» бойынша аудандық мәслихаттың төрағасы Н.Садықов сөз алып, «Жамангөзов Бейқұт Тілебалдыұлы аудандық филиалдың төрағасы болсын» деген ұсыныс жасады. Конференция делегаттары бұл ұсынысты дауысқа салып, бір ауыздан қолдады.

Ал үшінші мәселе – «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалы Саяси кеңестің құрамын сайлау болды. Бұл бойынша да делегаттар ұсыныстарын жеткізіп, 21 азаматтан тұратын партия аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бірауыздан бекітілді.

Келесі кезекте «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының Саяси кеңесіне конференцияның кейбір өкілеттіліктерін беру мәселесі; «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының XXXII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттарды сайлау мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе  – «AMANAT»  партиясы қоғамдық бірлестігінен Қордай ауданының Степной және Кенен ауылдық округтерінің әкімі лауазымына кандидаттарды ұсыну бойынша Қ.Қыпшақбаева баяндама жасап, делегаттар бұл ұсынысты қолдап, дауыс берді.

Конференцияның күн тәртібіне енгізілген барлық мәселе толығымен қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.