СЕМБЕК САЛҒАН СЕРГЕЛДЕҢ

0

Бұл оқиға өзі ойламаған жерден басталып кетті. Мен ол кезде қазіргі «Jambyl» Жамбыл облыстық телеарнасының бас редакторы-директордың орынбасары болатынмын. Сол 2005 жылдың қоңыр күзінде кәсіпкерлердің жұмысына тексеруді азайту мақсатында тоғыз айға мораторий жариялау туралы ұсыныс түсіп, сол шараға арнайы тікелей эфир ұйымдастыру керек деген бұйрық берілді. Мұндағы мақсат – мораторий жариялауға қолдау білдіру үшін жергілікті кәсіпкерлер тікелей эфир арқылы Президентке көмектесіңіз деген сарында өтініштерін жеткізулері керек. Эфирді ұйымдастыру аймақтағы телерадио компанияларына жүктелгенмен өтініш білдіретін кәсіпкерді табу және байланысқа шығуын қадағалау сол кездегі «Қазақстан» ұлттық арнасының аймақтардағы меншікті тілшілеріне тапсырылды. Ол тұста ұлттық арнаның біздің облыстағы меншікті тілшісі Бақытжан Әлімқұлов, яғни менің «Советскийім» болатын. 
Сөйтіп, ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Біз эфирді, студияны береміз. Эфирге қатысушы кейіпкерлер кадрде көрінбейді. Өтінішін тек телефон арқылы айтады. Әйтсе де эфирге кәсібі жайлы әңгімелеп, өз ойын еркін жеткізетін кәсіпкер табу оңай шаруа болмады. Кәсіпкерлер іскер азаматтар болғанмен сөзге шорқақ келеді ғой. Сол кезеңде өзінің шағын кәсібі бар (қазір облысқа танымал кәсіпкер) Сембек деген азамат әзер дегенде тікелей эфирге шығуға келісіпті.
Әне-міне дегенше мораторий жариялауға арналған тікелей эфир күні де келіп жетті. Тікелей эфир кешкі сағат 20:00-де басталатын болып белгіленді. Бір кезде ұялы телефоным безілдеп қоя берсін. Қарасам, «Советский»: «Ойбай, Асеке, масқара болып жатырмын, менің тікелей эфирге шығуыма он минут-ақ қалды. Сенген Сембегіміз жоқ, телефон шалсам, өшіріп тастаған. Тездетіп келіп, бір амалын тауып құтқармасаң құрыдым», – деп абдырап тұр. Мен дереу жігіттерге мән-жайды айтып, «Жұмысқа барып бір нәрсе ойластырайық» деп бәрін шұбатып телеарнадағы кабинетіме алып келдім. Келсек, Бақытжан шоқайып жалғыз өзі отыр. Сембек түгіл, сайтан да жоқ. Телефон соқсақ, «байланыс аясынан тыс жерде» деген хабарламадағы қатын қақсап тұр. «Енді қайттік?» деп бір-бірімізге қараймыз. Байқаймын, ешкімнен қайран жоқ. Уақыт болса зымырап барады. Ортадағы байланыстағы телефонист қыздар қайта-қайта қоңырау шалып «Дайынсыздар ма?» деп алқымнан алып жатыр.
«Советскийге» қарасам, өң де жоқ, түр де жоқ, тілі байланып қалған. «Нартәуекел! Қайдан шықса, одан шықсын, өзім шығамын эфирге» дедім. Ондағы ойым – күндіз Қордайдан Сағатбек деген досым келіп, тірлігінің оңбай жүргенін айтып жыларман болып кеткен. Соны негізге алып, Сағатбек болып сөйлейін деп шештім. Ол идея қаңғалақтап басыма қайдан келе қалғанын білмеймін, әйтеуір, «Советскийді» мына қиыншылықтан құтқару керек деген ойдан туған болу керек. Негізі бұл тікелей эфирдің мақсаты кәсіпкерлерге жұмыстарын жандандыру үшін бақылаушы органдар тарапынан жүргізілетін тексеруді біраз уақытқа шектеу болатын. Ұмытпасам, салық, өрт сөндіру, прокуратура, СЭС сияқты тексеруші органдарға тоқтам жасап, тоғыз айға мораторий жариялау керек деген ұсыныс түскен болатын. Соны іске асыру үшін бүкіл республика бойынша осы тікелей эфир ұйымдастырылған еді. Енді аяғы мынандай ойран ботқа болып жатыр… Ойымды жинақтаймын дегенше тікелей эфирге қосты да жіберді. Ар жақтан Президент аппаратындағы эфирге жауапты бір жігіт «Тараз, Тараз, дайынсыздар ма?» деді. Бақытжан «Ассалаумалейкум, дайынбыз» деп телефонды маған ұстата салды. Қызықтың көкесі сонда басталды. Монитордан көріп отырмын, ортадағы дөңгелек үстелде Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі отыр. Диктор «Нұрсұлтан Әбішұлы, тікелей эфирде Тараз» деді. Президент «Ай, тараздықтар, қалайсыңдар?» дегенде «Ассалаумағалейкум, Нұраға» дедім. Аузыма бірінші түскен сөз сол болды.
– Ал елде не жаңалық бар, айта бер.
— Нұраға, мен Қордайдан, Сағатбек Көкімбаев деген ініңіз боламын, – деуім мұң екен, Президент:
– Оу, қордайлықтар, қалай, жағдайларың жақсы ма?
– Жағдайымыз жақсы, Нұраға, тек менің аздаған шағын кәсіпкерлік тіршілігім бар еді. Кәсіпкерлік болғанда шағын мини автобусым бар, сонымен Тараз бен Қордай арасында жолаушылар тасып, нәпақа тауып жүрмін. Тек кейінгі кезде сол автобусты жол бойы тексеретіндер көбейіп кетті. Тапқанымның біраз бөлігін соларға беріп мазам кетті.
– Кім олар тексеріп, жүргізбей жатқан?
– Құқық қорғау қызметкерлері.
– Сонда олардың қайсысы?
Құдай-ау, аузыма сонда «МАИ» деген сөз түспей, «прокуратура» деген сөз қаңғып келіп түсіп кетпесі бар ма? Сонда Президент:
– Оу, олар жолдың бойында не істеп жүр? Жарайды, бұл мәселені арнайы қызмет орнына тапсырамын. Алаңдамай жұмысыңды атқара бер. Тағы не мәселе бар? – демесін бе? Сонда есімді әрең жиып: «Рақмет, қалғанының бәрі дұрыс», – деп телефонды қоя салдым.
Телефонды қойған соң жан-жағымдағыларға қарасам, бәрінің сұрлары біртүрлі өзгеріп кеткен. Көздері шекелеріне шығып тұр. Түрлерінен түр жоқ. Өлі тыныштық. Сол-ақ екен, тап қазір келіп осы жерден біреу ұстап әкететіндей бәріміз дүрлігіп кабинеттен шыға жөнелдік. Далбасалап қайтадан шұбап «Сарыарқаға» бардық. Енді «Советский» қасымызда. Оған Астанадан қалта телефонына Ғалым Боқаш байланысқа шығып «бәрі дұрыс болды, маладес» депті. Ол мәз. Қойшы, әйтеуір анадай жағдайдан кейін ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, үйді-үйімізге қайттық.
Үйге келген соң да маза қашты. Ойлаймын да таңғаламын. Сембек бауырым неге телефонын өшіреді, неге үнсіз қалды? Тым болмаса ертерек «мен қатыса алмаймын» десе болады ғой. Айналып келгенде тікелей эфир де сол кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалынып жатқан тірліктер емес пе? Егер мораторий жарияланып кетсе, жұмыстарын тоғыз ай бойына емін-еркін, алаңсыз атқара берер еді ғой деп әр нәрсені ойлап жатып көзім ілініп кетіпті.
Бір кезде телефонның шырылынан оянып кеттім. Соткам безілдеп жатыр. Қарасам таңғы бес. Көтерсем ар жағынан Қордайдағы баяғы Сағатбек досымның даусы құмығып шығады. «Әй, Асқарбек, амансың ба? Қайдасың?» дейді. Мен «Үйдемін, не болды құлқынсәріден, тыныштық па?» деймін. Сағатбегім «Құрысын, мен кеше Тараздан түнгі екіде келсем, есік алдында әскери формадағы адамдар күтіп алып, КГБ-ға дедектетіп ала жөнелді. Сонан соң «Назарбаевқа не туралы айттың? Ол не деді?» дейді. Мен «Ешқандай Назарбаевпен сөйлескенім жоқ, сендер не айтып тұрсыңдар, түк түсініп тұрған жоқпын» дедім. Олар «Сен тікелей эфир арқылы Президентке «Менің машинамды Тараз бен Қордайдың арасында жүргізбейді, ұстай береді. Айыппұл салады, ұстайтын прокуратураның қызметкерлері депсің» деп маған әңгіменің нобайын айтты. Сонда барып саған айтып, шағымданғаным есіме түсті. Ақыр аяғында екеуміздің арамызда болған әңгімені айтып беруге мәжбүр болдым. Досым, сен оған ренжіме. Мен айтпасам да олар бәрін біліп отыр екен. Егер шындықты айтпасаң екеуіңе де қиын болады деді. Ренжімеші, жарай ма?» деп досым ағынан жарылды.
Қысқасы, Сағатбекті үш сағат қинап, тергеп-тексеріп, ешқайда кетпейсің деп таңға таяу босатыпты. Ол шыға салып маған хабарласып тұрған беті екен. Мен іштей үрейленіп тұрсам да білдірмегенсіп «Еш уайымдама, ештеңе болмайды» дедім. «Астаналықтар рақмет деп жатыр» деп жұбатқансыдым. Бірақ өзім мына хабардан соң кәдімгідей үрейленіп қалдым. Содан кейін қайдан көзім ілінсін. Құдай-ау, прокурор деген сөз қалай ғана аузыма түсіп кетті, неге албасты басып телефонға бардым? «Советскийді» жұмыстан қумақ тұрмақ, неге жер аударып жібермейді? Қатардағы журналист болсам жарайды, оу, білдей бір телеарнаның бас редакторы, директордың орынбасарымын. Ертең Астанадағы телерадиокорпарацияның басшылары естісе масқара болатын болдық қой деп өзімнің жер-жебіріме жетіп жатып таңды атырдым-ау, әйтеуір. Айтпақшы, бұл жағдайдан телеарнаның директоры Бекет Момынқұлов тіпті бейхабар.
Кабинетте жалғыз өзім қозғалмастан, есікті іштен жауып алып отырдым. Ары қарай не істеу керек, қандай әрекет жасау керек, кімге хабарлассам болады? Басым түк істемей қалды. Сөйтіп отырғанда есік тарсылдай жөнелді, созалаңдап барып аштым, «Советский» тұр. Мұндай жыным ұстамасы бар ма, «Кетші бар» деп есікті жабайын десем, табалдырыққа аяғын қойып, жібермей тұрып алды. Кері бұрылып, орныма отырдым. Байқаймын, ол да ұйықтамаған, оның да өңі оңып тұрған жоқ.
Не керек, сағат тоғызда лездеме өтті, ешқандай артық-ауыс әңгіме болған жоқ. Лездемеден соң Бекет кабинетке кіріп, түсірілімдер жайлы тапсырмалар айтып кетіп қалды. Байқаймын, кешегі жағдайдан хабарсыз. Түске дейін алаңдап отырдым, бірақ ешқандай хабар, телефоннан қоңырау шалу жоқ. Келесі күні таңертең сағат 9:00-де жұмысқа келсем, кабинетімнің алдында облыстық прокуратураның бір қызметкері тұр. Бұл жігітті білемін, өйткені ай сайын келіп, телеарнадан, радиодан эфирден өткен хабарлардың анықтамасын алып тұратын. Бұрын жайраңдап келіп амандасатын інімнің түрі суық, ыздиып тұр. «Неге келгенімді білген шығарсыз?» деді. «Біліп тұрмын», дедім. «Онда кеттік. Айтпақшы, досыңызды да ерте жүріңіз», деді. Бақытжанды ертіп алып облыстық прокуратураға бардық. Бұрын жұмыс бабымен емін-еркін кіріп жүрген мекеме тастай тәртіпке көшкен. Кіреберісте қағаз, қалам, телефон, куәлік деген сияқты майда-шүйдеге дейін сыпырып алып қалды. Жоғары көтеріліп келеміз. Бұрыннан таныстар бар мекеме ғой, алдымыздан кездескен таныс қыз-жігіттер анадайдан көрмегенсіп айналып кетеді.
Не керек, бір-екі сағат ана кабинеттен мына кабинетке шақырып жүріп прокурордың бір орынбасары қабылдады-ау, әйтеуір. Қабағы сұсты, түрі ызғарлы, сұрағын да дүңк-дүңк дегізіп қояды. Таза «қылмыскер» болдық та шықтық. «Елбасын алдадыңдар, орысша айтқанда, Мемлекет басшысын «заблуждениеге» салдыңдар», дейді. Ол үшін арнайы бап бар дегенді де нығырлап қойды. Жан беру оңай ма, біз де қорғанып, өзіміздің жағдайымызды айтып ақталып бақтық. Бірақ мыналардың беті жаман сияқты, біздің айтқандарымызды құлақтарына қыстырып отырған жоқ.
– Бас прокуратурадан жарлық келді, егер айтқандарың расталмаса, онда шаруаларың бітті, – деп, жанымызды мұрнымыздың ұшына әкеп қойды. Екеуміз жанарымызбен жер шұқылап отырмыз. Менің оларға айтатыным сол баяғы: «Бөтен ойымыз болған жоқ, аузымызға абайсызда прокуратура атауы түсіп кетті. Президенттің мысы басты». Тікелей эфирде сөйлескенде, шынымен, айдаһардың аузында тұрған қоян сияқты болғаным рас. Іс аяқталғанша ешқайда кетпейміз деп қолхат та бердік. Тергеуден шыққан соң мәңгіріп келе жатсақ, Қордайдағы баяғы Сағатбегім қоңырау шалып тұр. «Қалайсың? Мә, бізде рақат, бір МАИ жоламайды да, тоқтатпайды да. Көшедегі таксистер маған тоқтап тұрып рақметтерін айтып жатыр. Бұрын діңкілдейтін полицейлер қазір «мыңқ» етпейді. Арқамнан қағып, «Президентпен сөйлескен сен жүрек жұтқан екенсің» деп шығарып салып жатыр», – дейді. Онымен сөйлесетін көңіл күй жоқ. «Кейін хабарласайықшы» дедім. Бәкең екеуміз қиналып келеміз. Енді қайтпек керек? Бірақ бір қызығы, ұжым болған оқиғадан бейхабар. Тіпті Бекет те білмейді-ау. Тікелей эфир жайлы бір әңгіме айтпайды. Әйтеуір тыныштық.
Содан ары ойлап, бері ойлап Қуатқа хабарласатын болдық. Сөйтсек, ол бәрін біліп отыр екен. «Жағдай көңіл көншітерлік емес» деді. Ол сол кезде Президент әкімшілігінде істейтін. Не қызмет атқаратыны есімде жоқ. Әйтеуір Ақ үйде. Соған қарағанда, оңай қызмет емес. Қуат кешкісін хабарласып, бір телефон нөмірін берді де «Осы азаматпен байланысыңдар, оған дейін Президенттен кешірім сұрап хат дайындаңдар, қайда жіберу керектігін ана жігіт айтады», деді. «Советскиймен» отыра қалып түнімен хат дайындадық. Обалы не керек, «кешірім сұрау» хатымыз жаман жазылмаған сияқты. Біздің қателігіміз бір ауыз сөзден кетті. Оны барлық азаматтық болмысымызбен мойындаймыз. Ол жерде прокуратура қызметкерлерінің ешқандай қатысы жоқ. Ол біздің сіздің алдыңызда сасқалақтап отырып жіберіп алған кешірілмес қателігіміз болды. Барлық жіберген қателігіміз үшін, аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы, сізден және эфирде аттары нақақтан аталған облыстық прокуратура мекемесі және оның басшыларынан да кешірім сұраймыз» деп ағымыздан жарылдық.
Республикалық арналардан баяғы біздің «тікелей эфиріміз» екі-үш рет қайталанып беріліп жатты. Сол хабар эфирге шыққан сайын «өліп-тірілеміз». Сөйтіп жүргенде көңілді күпті қылған үшбу хабар да Астанадан жетті-ау. Қуат хабарласып: «Бәрі дұрыс шешілгендей болды. Ендігі мәселені жергілікті жердегі облыстық прокуратура шешеді, оларға да айтылды, тыныш отырыңдар. Не айтса, соған келісіңдер», – деп, көңілімізді бір демеп қойды.
Айтса айтқандай, көп ұзамай-ақ облыстық прокуратурадан келіңдер деген пәрмен келді. Жазған құлда шаршау жоқ деп «Советскиймен» сүйретіліп бардық. Бұл жолы бастықтың өзі қабылдады. Қорқақтап, арты қалай болар екен деп кірдік. Біз ойлағандай емес, бас прокурор жылы жымиғандай болып қабылдады. Қол беріп амандасты. Мұнысына ішіміз тіпті жылып сала берді. Отырған соң прокурор; «Асеке, менің не жазығым бар еді?» деп мен күтпеген сұрақ қойды. Қапелімде ондай сауал күтпеген басым абдырап қалдым да: «Қабеке, кессеңіз, міне бас, міне мойын», – деп, үстелге кәдімгі жаңғырыққа басымды қойғандай иілдім. Ана кісі: «Қойыңыз, басыңызды көтеріңіз», – деп жатыр. Осы оқиға болардың алдында менің «Заман қандай, заң қандай?» деген авторлық бағдарламам бойынша тікелей эфирде жарты сағат сұхбат өткізген болатынмын. Содан ба, әйтеуір, маған әжептәуір жақсы пейіл көрсетіп отыр.
Қойшы, сол жерде ұзақ әңгіме жүрді. Айыптау емес, болған оқиғаның қалай болғаны жайлы егжей-тегжейлі толық мәлімет алды.
Әңгіменің аяғы Астанадағы басшыларына қорытындысын беру керектігіне, бұл жайт қатардағы жағдай емес, прокуратура саласы үшін маңызды мәселе болып күн тәртібінде тұрғанына және нақтылы шара көрілуі қажет екендігіне тірелді. Қорытындысында Бақытжан Әлімқұлов, яғни «Советский» жұмыстан босатылатын болды. Ал маған қатаң сөгіс берілу керек деген шешім қабылданыпты. Келістік, келіспей қайда барамыз? Негізі біз жазаның бұдан да зорын күткенбіз, бірақ осындай жеңіл жазамен құтылдық қой. Сол кездегі облыстың бас прокурорына рақмет. Ол кісінің орнында басқа адам болғанда бұл жағдай өзгеше реңк алып кетер ме еді, кім білсін?! Түсінігі мол азамат ретінде, біздің де әрекетімізге оң көзқарас танытқаны анық.
Ал мен қатаң сөгіс арқалап қызметімде қалдым. Сонда деймін-ау, Сембектің немқұрайдылығына таңғалдым. Болған жайдың бәрін біліп жүрді. Тым болмаса «Әй, жігіттер, қиын болған екен, менің бір білместігімнен осындай күйге түстіңдер-ау, айып етпеңдер» демегеніне қынжыламын. Әлі күнге дейін мен де ол кісіге бірауыз емеурін білдірген емеспін. Енді ғана жазып отырмын.
Асқарбек СЕЙІЛХАН, Қазақстанның Құрметті журналисті, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.