Шаңырағым – шаттығым

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінің бірінде «әр отбасы – еліміздің әл-ауқаты мен гүлденуінің негізі, сондықтан мемлекет отбасы институтына қолдау көрсетіп, оны жан-жақты жүргізетінін» атап өткен еді. Осының өзі Мемлекет басшысынан бастап отбасы құндылықтары мен институттарына терең мән беретінінің көрсеткіші. Қордай ауданында да татулықты тұмар етіп, отбасы құндылықтарын дәріптеп жүрген құтты шаңырақтар баршылық. Солардың бірі – Сергей мен Индираның отбасы.

Әр адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Есейіп кетсек те, балалық шағымыздың тәтті естеліктерін жадымызда сақтап, кейін өзіміз шаңырақ құрғанда бала кезімізден санамызда қалған жылы дәстүрлерді балаларымызға үйреткіміз келеді. Сергей мен Индира да перзенттерін сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы атмосферада тәрбиелеп өсіруге тырысады.

Екі түрлі салт-дәстүрді ұстанып өскен ерлі-зайыптылар өздері құрған отауларында махаббат, сыйластық, мейірімділік және қамқорлық сынды ең басты құндылықтарды ұстанады. Ұлт пен қандай дінді ұстанатындығы емес, дәл осы адами қасиеттер – берік отбасының негізі.

Өз өміріңізді өзге адаммен, оның үстіне басқа мәдениет пен дін өкілімен байланыстыру – өте қиын қадам. Дегенмен, мұнда ең маңызды фактор бар,  ол – сезім. Шынайы сезімге қарсы тұруға ешкімнің шамасы жоқ.

Осыдан 13 жыл бұрын Индира Сейдахметова жақындарына тұрмысқа шығатыны туралы жаңалықты жеткізеді. Болашақ жарының есімін айтқан сәтте бәрі үнсіз қалған. Күйеу бала ретінде қазақтың қарапайым қара баласын күткен олар үшін қызының таңдауы тосын жағдай болды. «Демек, тағдыр» деп келісімін берген әкесі екі жасқа ақ батасын берген. Ал бүгінде Сергей «ең керемет күйеу бала» атағына ие. Қайын атасымен әңгімесі жарасқан, ортақ қызығушылықтары бар ол ең бастысы жұбайын жақсы көреді, бағалайды.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші, жаңадан шаңырақ көтерген екі жасқа алғашында көп қиындықтарды еңсеруге тура келді. «Ерлі-зайыптылардың мінсіз қарым-қатынасы – бұл үздіксіз еңбектің жемісі екені рас екен. Екеуіміз де тура мағынасында аянбай тер төктік», — дейді жұп. Олардың бүгінгі қол жеткізген жетістіктерінің барлығы – ортақ күш-жігерінің жемісі. Пәтер жалдап тұру, баспанасыз жүру – еліміздегі жас отбасылардың көпшілігі басынан өткеретін проблема екені жасырын емес. Баспана машақатын Сергей мен Индира да әбден көрген, олар армандаған өз қоныстарына жету үшін көп еңбектенді.

– Біздің үй – біз үшін жанымыз тыныштық пен жайлылық табатын жер. Өйткені, бұл жайлылықты біз өз қолымызбен жасадық. Алғашқы сызбасын салудан бастап, перделерге дейін өзіміз таңдадық. Жақында бөлмелердің бірінде жөндеу жұмыстарын аяқтадық. Ұлдарым көмектеседі, ал әйелім әрдайым қолдайды», – дейді көпбалалы әке.

Пәтерден пәтерге көшіп, өз бөлмесінің болуын армандаған балалардың көз жанарындағы шынайы бақыт, адал еңбектің нанымен келген береке – мұның бәрі осы отбасының тарихы болып жазылмақ.

Қарым-қатынастарының  басында Сергей қалыңдығына көпбалалы әке болғысы келетінін айтты. Белгілі болғандай, жас жігіт әрқашан үлкен отбасын армандаған. Индираның өзі бұл туралы ешқандай жоспар құрмаған. Бәрі де Алла Тағаланың қалауымен деген ойда болған. Араға жылдар салып, отағасы арманына жетті – жақында олардың шаңырағында бесінші перзент дүниеге келді. Ерлі-зайыптылар өмір сүріп жатқан әрбір күнді көктен келген сый ретінде қабылдайды. Өйткені, олардың махаббаты нағыз сынақтан өтті. Бірнеше жыл бұрын дәрігерлер Сергейге ауыр диагноз қойыпты. Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған оған бұл сәтте көңіліне медет болып, демеп, қолдау көрсеткен де – отбасы. «Ол кезде үлкен ұлым Азат әлі бала еді. Бір күні кіп-кішкентай алақанын жайып «Менің әкем әрқашан жанымда болсыншы» деп дұға жасап отыр екен. Мені аман алып қалған баламның дұғасы деп санаймын»,-дейді Сергей. Қазір Азат ата-анасының ең басты көмекшісі, кеңесшісі, досы. Өзінен кейінгі інілері мен жалғыз қарындасының қамқоршысы. Анасына үй шаруасына көмектеседі. Сергей мен Индира балаларын бірлік рухында тәрбиелейді. Бір біріне қол ұшын созып, әрдайым қолдауға дайын тұру, бір-бірі үшін жауапкершілікті сезіну – олардың басты принциптері.

Бұл отбасында ана – қатал «тәрбиеші», ол балаларды тәртібі үшін жазалай алады. Ал әкелері керісінше – «жағымды кейіпкер».

–       Бір үйде бір адам қатал болуы тиіс,  төрт ер-баланы тәрбиелеу оңай емес, аналарының темірдей тәртібі қажет-ақ,-дейді отағасы жымиып.

Ерлі-зайыптылар балаларынан қамқорлығы пен сүйіспеншіліктерін аямайды. Сергей мен Индираның интернационалдық отбасында дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға ерекше құрметпен қарайды. Мұнда қазақтың да, орыстың да мәдениетін бірдей қадірлейді. Бала кезінен үлкенді сыйлау, отбасы құндылықтарын қадірлеуді санасына құйып өскен Индира қазір қайын жұртына инабатты, сүйікті келін.

-Біздің арамызда ешқашан ұлт мәселесі болған емес. Басқа сұрақтарға қатысты, мәселен, құрылыс материалдарын, тұсқағаздың түсін таңдауда келіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ  бір-біріміздің ұлтымызға қатысты тақырыпты ешқашан қозғамаймыз,— дейді Индира. Расында, егер екі адам  бір-бірін шын сүйіп қосылса, ештеңе де олардың бақытына кедергі келтіре алмайды.

Натальченко-Сейдахметовтер отбасы Сергей мен Индираның одағы ғана емес, бұл бір шаңырақтың астына бірін-бірі түсінетін, қадірлей білетін жандар жиналған бүкіл Қордай өңірінің шағын үлгісі іспетті.

Жылулық пен мейірімге бөленіп өскен баладан келешекте бақытты, бауырмал, өзіне сенімді тұлға шығады деген пікір бар. Мақаламызға арқау болған отбасынан да дәл осындай азаматтар шықсын демекпіз.

Шолпан Сабанова

Leave A Reply

Your email address will not be published.