«ШАМШЫРАҚ» редакциясына саяхат

0

Газеттің тарихы сонау Ежелгі Шығыс елдеріне тән,  яғни «хан жарлықтары» деген сөз тіркесінің мағынасынан кеңейіп шыққан екен. Бертін келе италиялық термин Венецияда қайта жанданып, бүкіл әлемге таралыпты. Иә, ақын, әдебиет зерттеушісі, публицист, түркітанушы, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы газет туралы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген екен. Осындай жоғары бағаға ие болған газеттің біздің өмірімізде қаншалықты маңызды екені туралы ойлана бермейтініміз де рас.

Бірақ, мектебіміздегі «Жас журналист» үйірмесінің жетекшісі Мақпал Абишеваның бастамасымен «Қордай шамшырағы» редакциясына саяхат жасағаннан кейін менің газет туралы түсінігім өзгеріп,  басқаша көзқарас қалыптасты. Әлемді жаулаған нәубат салдарынан, санитарлық талапты сақтау мақсатында «Қордай шамшырағы» редакциясына саяхатқа бірнеше ғана оқушы бардық. Олар Нүсіпбек Сафина, Сейтжан Ерасыл, Марат Жансая, Нұрбек Нұрдос, Әйтелбай Аяна, Қадыров Қайсар, Жумадилова Ұлжан және Курманова Камила.  Дегенмен, газеттің директоры – бас редакторы Сабанова Шолпан мен жауапты хатшы Омаров Жандосқа айтар алғысымыз шексіз. Олар бізді табалдырықтан жылы шыраймен күтіп алып, редакцияның жұмысымен таныстырып шықты. Мұнда бір-екі ғана қызметкер емес, газет бірнеше маманның адал еңбегінің нәтижесінде дүниеге келетіндігін, ауданымыздағы біз біле бермейтін ауылдардың да бар екендігін, сондай-ақ, ауданымыздағы жағымды жаңалықтар мен келелі мәселелердің осы газет бетінде жарияланатындығы туралы, қосымша газеттің Instagram парақшасы бар екендігін білдік. Редакцияның мақалаларды өңдеу, дайындау, әрлеу жұмыстарымен танысып болған соң,   баспаханаға саяхат жасап, газет беттерінің баспадан қалай шығатынын, оқырманға жол тартатынын көрдік.

Бір күндік саяхат менің өмірімдегі маңызды саяхаттарымның бірі болды. Осыдан түйгеніміз, бос уақытты тек смартфонмен өткізбей, газет оқу арқылы көптеген жаңалықтарға қанық болуға болатынын және рухани дүние жинауға көп көмек болатынын түсіндік. Сондықтан, өз қатарластарымды «Газет –халықтың көзі» деген ұранды желбірете отырып, газет оқуға шақырамын! Өйткені «газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі».

 

Ерасыл Сейтжан, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің «Жас журналист»

 үйірмесінің жас тілшісі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.