7-9 сәуір аралығында Ақтау қаласында 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ауқымды жарысқа еліміздің 17 облысы мен үш қаласынан 750-ге жуық спортшы қатысты.
Чемпионатты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақ күресі қауымдастығы, Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, Маңғыстау облыстық қазақ күресі және дзюдодан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.
Қордайлық спортшы Шариз Буралкинова беделді чемпионатта 60 келі салмақта бірінші орын иеленіп, шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осы жеңісінің арқасында Шариз Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының санатына еніп, халықаралық жарыстарға қатысу лицензиясының иегері атанды.
Еске сала кетейік, Ш.Буралкинова Отар ауылындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінің тәрбиеленушісі. Алғашқы жеңістеріне сүбелі үлес қосқан жас спортшыны Байрам Бегжанов жаттықтырады.
Жеңімпаз Шаризді құттықтап, толағай табыстар тілейміз!