«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қордай ауылдық округі әкімдігі аппаратымен бірлесіп, Михаил Ломоносов атындағы №2 орта мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған танымдық экскурсия өткізді.
Кездесу Жамбыл облысы бойынша ҚР ҰҚК Шекара қызметі департаментінің Қордай шекара басқармасына қарасты бөлімше базасында өтті. Экскурсия барысында оқушылар шекара қызметкерлерінің күнделікті өмірімен танысып, олардың қызметтік міндеттері, тәртібі мен жауапкершілігі туралы мағлұмат алды. Сонымен қатар, шекарашылардың Мемлекеттік шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлі жөнінде айтылды.
Жасөспірімдерге әсерлі әрі қызықты ақпарат ұсынылып, арнайы техника, әскери жабдықтар және қызмет атқару жағдайлары көрсетілді. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыру, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру және болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт беру.
Мұндай экскурсиялар өскелең ұрпақтың Отанға, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді.