ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ САҚТАЛУЫ ТИІС

0

Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында карантиндік іс-шараларға байланысты кездесу өтіп, тікелей эфир арқылы Қордай ауданының қазіргі ахуалы баяндалды. Тікелей байланысқа аудан тұрғындарымен қатар ірі сауда орындарының басшылары да қатысты.

Еліміздің көптеген өңірлерінде шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Тіпті, өңірлердің кейбірі қызыл аймаққа өтіп те үлгерген. Демек, жағдай күн санап күрделеніп келеді. Мұны мамандар карантин режимі мен шектеу шараларының сақталмауымен, ескертулердің ескерусіз қалуымен байланыстырады. Алайда, індеттің алдын алып, таралуына тосқауыл қою мақсатында баспасөз беттері мен интернет желілерінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыратын түрлі ақпараттар жарияланып, жағдайды қатаң бақылауда ұстауға септігін тигізетін мобильдік топтар құрылған. Осындай жұмыстардың арқасында шектеу қойылған іс-шаралар дереу анықталып, дер кезінде тоқтатылған. Осы ретте қауіпсіздік шараларын орындамай айыппұл арқалағандар да жетерлік. Дәл осы мәселе төңірегінде сөз өрбіткен аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов мобильдік топтың жұмысына тоқталып өтті. Сонымен қатар ол егер қауіпсіздік шаралары сақталмай, жағдай тұрақталмаса аудан қатаң карантин режиміне өтетінін атап өтті. Естеріңізге сала кетсек, көктемде қордайлықтар қатаң карантиндік режимді бастан өткерді. Бұл кезде ірі сауда орындары жұмысын тоқтатып, азық-түлік дүкендері шектеулі уақыт жұмыс істеп, тұрғындардың көшеде бей-берекет жүріп тұруына шектеу қойылды. Осы жағдайды атап өткен Бейқұт Тлебалдыұлы кәсіпкерлерге қайырылып, талаптарды тиісті деңгейде орындауға шақырды. Сонымен қатар, сөз алған ауданның бас санитары Марат Асаров бүгінгі қалыптасқан ахуалға тоқталып өтіп, той-жиындарды тоқтату жөніндегі қаулы қабылданғанымен оны тұрғындар елемей жатқанын алға тартты.

«Қаулы шараларын қатаң ұстануға шақырамын. Бұл вируспен күллі әлем күресіп жатыр. Аз уақытқа шыдамдылық танытқанымыз жөн. Кейін жағдайдың қаз қалпына келіп, тұрақталатынына сенемін. Сол себепті қазір жақындарымыздың, өзіміздің денсаулығымызды ойлап, сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек», — деді бас санитар.

Осы тұста тікелей байланысқа шыққан тұрғындар мамандарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.