Құрметті журналистер!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтуде. Сала ардагерлері мен танымал журналистерге ерекше құрмет көрсетілді. Олардың көпшілігі жоғары мемлекеттік наградаларға, беделді сыйлықтар мен гранттарға ие болды.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, бірқатар отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан пәтер кілттері табысталды.
Мерекеге орай Ақордада өткен салтанатты кездесуде Президент: «Ақпарат саласында тынымсыз еңбек етіп жүрген өңірлік тілшілердің жұмысы да лайықты назар аударуды қажет етеді деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмам бойынша биыл алғаш рет облыстарда еңбек ететін журналистерге де пәтер кілттері табысталатын болады», – деп атап өтті.
Осы бастамаға сәйкес, биыл «Dara» Президенттік бастамалар қоры арқылы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне 66 пәтер берілді. Оның ішінде 15 пәтер Астана қаласында, 15 пәтер Алматы қаласында, ал қалған 18 өңірдің әрқайсысында 2 пәтерден бөлінді.
Пәтерлер тек республикалық БАҚ өкілдеріне ғана емес, жергілікті басылымдар, телеарналар мен ақпараттық порталдардың қызметкерлеріне де табысталды. Олардың қатарында еліміздің ең шалғай өңірлерінде еңбек етіп жүрген әріптестеріміз де бар. Атап айтқанда, Қостанай облысының Арқалық қаласы мен Түркістан облысының Созақ ауданындағы журналистер де жаңа қоныс тойын атап өтуде.
Бұл игі бастама өңірлердегі ақпарат саласы мамандарының тұрақтап еңбек етуіне ықпал етіп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының заман талабына сай дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Құрметті әріптестер, мерекелеріңіз құтты болсын!