Су басқан аймақтарға қордайлықтар жасаған көмек лек-легімен аттануда. Осы бір қайырымды іске белсене қатысқан қордайлықтардың ауызбіршілігіне бәрекелді, дегіміз келеді. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен қолға алынған қайырымдылық шарасы барысында өткен демалыс күндері 40 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналып, оны артқан екі жүк көлігі Солтүстік Қазақстан облысына жол тартты. Бұл жолы да азық-түлік, тұрмыстық заттар мен басқа да тұрмысқа ең бірінші қажетті заттар жиналды. Соңғы жөнелтілген жүк көліктері жалпы сомасы 30 миллион болатын азық-түлікті су басқан өңірдегі ағайынға жіберді. Осының ішінде көршілес қырғызстандық азаматтар да өз үлестерін қосып, 3,5 миллион теңгедей қаржылай көмек көрсетті.
Ал, өткен аптада 25 тоннадан астам гуманитарлық көмек Арқалық қаласына жіберілген болатын.