СПОРТ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

0

Қордай ауданында дене шынықтыру және спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде аудан тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Аудан аумағында жалпы саны 372 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде. Оның ішінде 83 спорт залы, 1 жүзу бассейні, 1 стадион, 11 спорт кешені және 276 спорт алаңшасы бар. Бұл алаңшалардың қатарында кіші футбол, стритворкаут, сондайақ мектептер жанындағы футбол, волейбол, баскетбол, теннис пен гимнастика алаңдары қамтылған.

Аталған спорт нысандарының барлығы кешкі мезгілде аудан тұрғындарына қолжетімді. Мұнда футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, асық ату және басқа да спорт түрлерімен еркін шұғылдануға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде бүгінде Қордай ауданында барлық жастағы 65 765 тұрғын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл аудан халқының 42 пайызын құрайды. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 26 556, 14 пен 35 жас аралығындағы жастар – 25 543, ал 35 жастан асқан тұрғындар саны 13 666 адамға жеткен.

Жастарды спортқа тарту көрсеткіші де жоғары. Атап айтқанда, 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдерді спортпен қамту индикаторы жыл қорытындысымен толық орындалды. Сонымен қатар аудан бойынша халықтың 1000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 68,3 пайызды құрап отыр.

Ауданда мүмкіндігі шектеулі жандарды да спортпен айналысуға тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімі жоқ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жалпы саны 1 676 адам болса, соның 390-ы, яғни 23,3 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады.

Тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді өткізу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жыл басынан бері аудан аумағында 516 бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 35 610 адам қамтылды. Бұл іс-шаралар Бетқайнар, Әлжан ана, Ауқатты, Сарыбұлақ ауылдарындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінде, Қордай ауылындағы бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығында, сондай-ақ Отар мен Қаракемер ауылдарындағы балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында өткізілді.

Қордай ауданында спорт саласындағы кадрлық әлеует те жеткілікті. Ауданда Отар, Қаракемер және Сарыбұлақ ауылдарында орналасқан үш балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты үш балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызмет атқаруда. Бұл мектептерде жекпе-жек, ойын және ұлттық спорт түрлері бойынша жүздеген жасөспірім жаттығады.

Мәселен, жекпе-жек спорт түрлеріне бағытталған №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 29 жаттықтырушы 8 спорт түрі бойынша 1 088 оқушыны дайындауда. Ал ойын спорт түрлері бойынша №18 мектепте 22 жаттықтырушы 10 спорт түрінен 703 баламен жұмыс істейді. Ұлттық спорт түрлеріне маманданған №19 мектепте 7 спорт түрі бойынша 156 оқушы жаттығуда.

Сондай-ақ Отар ауылындағы №1, Қаракемер ауылындағы Молдасейт атындағы №2 және Сарыбұлақ ауылындағы №3 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында жүздеген бала спортпен тұрақты түрде айналысып келеді. 2025 жылдан бастап Қарасай ауылындағы спорт кешені Қаракемер ауылындағы клубтың бөлімшесі ретінде жұмысын бастаса, Сарыбұлақ ауылында бұқаралық спорт орталығы негізінде жеке спорт клубы құрылды.

Жалпы аудан бойынша спорт мекемелерінде 79 жаттықтырушы еңбек етсе, білім бөліміне қарасты шығармашылық орталықтарда спорт бағытында тағы 26 маман қызмет көрсетуде. Бүгінде Қордай ауданында спортпен шұғылданатындардың жалпы саны 6 942 адамды құрайды.

Сонымен қатар «Даму» бағдарламасы аясындағы «Артспорт» жобасы да табысты жүзеге асуда. Аудан бойынша 6 жеке кәсіпкер 8 спорт түрінен балаларды тегін спортқа тартуда. Бұл бағдарлама арқылы 265 бала спортпен қамтылып отыр.

Қордай спортшыларының жетістіктері де көңіл қуантады. 2024–2025 оқу жылында аудан спортшылары халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі жарыстарда барлығы 212 медаль иеленді. Оның ішінде Азия чемпионатында күміс жүлде, халықаралық жарыстарда алтын және күміс медальдар, республикалық және облыстық жарыстарда ондаған жүлде бар. Жеке спортшылар да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әлем және Азия деңгейіндегі чемпионаттарда, халықаралық турнирлерде Қордай спортшылары аудан абыройын асқақтатты.

Қордай ауданында спорт саласын дамытуға бағытталған бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындардың денсаулығын нығайту мен жастарды спортқа баулуда маңызды рөл атқара беретіні сөзсіз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.