СТЕПНОЙДА ЕКІ ФУТБОЛ АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

0

Қордай ауданында ауыл спортын дамытуға, әсіресе жастардың салауатты өмір салтын ұстануына ерекше ден қойылып, спорт нысандарының саны жыл санап артып келеді. Бейсенбі күні ауданымыз тағы спорттық нысандармен толығып, Степной ауылдық округінде екі бірдей футбол алаңы, бірі – Арал ауылында, бірі – Степной ауылында ашылды. Ауылдық округ әкімі Қайрат Жолдасбаев, Қордай аудандық мәслихатының депутаты Ғабиден Тулақбаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тілеужан Түстікбаев және жергілікті тұрғындардың қатысуымен өткен салтанатты шарада Степной ауылдық округінің аналар алқасының әжелері қазақы дәстүрге сай шашу шашып, ақ баталарын берді.

Степной ауылындағы алаңның ашылу лентасын қию рәсімін ауылдың көпке сыйлы ардагері Т.Түстікбаев пен ауылдық округ әкімі Қ.Жолдасбаев орындап, тұрғындарды қуанышымен құттықтады. «Бұл біздің ауыл үшін айтулы оқиға. Өйткені, мұндай мүмкіндікке қолы жетпеген талай елді мекендер бар. Сондықтан жаңа футбол алаңы жастардың игілігіне жарап, ауылымыздан болашақ чемпиондардың көптеп шығуын тілейміз»,-деді ауыл қариялары.

Ашылу салтанатына орай жасөспірімдер арасында кіші футболдан жарыс ұйымдастырылып, үздік шыққан ойыншылар кубоктармен марапатталды. Дәл осындай салтанатты шара Арал ауылында да өтті. Айта кетейік, заманауи стандарттарға сай футбол алаңдарының құрылысын «ОПС и К» ЖШС-гі жүргізген.

Сәуле МұХАДИНҚЫЗЫ

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.