СТУДЕНТТЕР ЖАТАҚХАНАСЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

0

№7 Бетқайнар колледжі – ауылға ауадай қажет мамандарды даярлайтын ауданның іргелі оқу орны. Өңір жастарына техникалық және кәсіптік білім беретін колледжде бүгінде 559  студент оқиды. Олардың 274-і Бетқайнарда, 285-і  Сортөбе ауылындағы филиалында білім алуда. Білім мекемесі «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Дәнекерлеу ісі», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Бағдарламалық қамтамасыз ету» сынды мамандықтар бойынша білікті мамандарды даярлайды.

1974 жылы негізі қаланған оқу ордасының студенттерге арналған өз жатақханасы бар. Төрт қабатты, 150 орындық ғимаратта білімгерлерге барлық жағдай жасалған. Дегенмен, көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттың тозығы жетіп, жүдеу тартқан-тын. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, студенттер жатақханасы былтыр толықтай күрделі жөндеуден өтті. Сыртқы жабындысы түгел ауыстырылып, терезелері жаңартылған. Бөлмелерге жаңа жиһаз, кілем сатып алынған. Бұдан бөлек, студенттердің жайлылығы үшін ас үй бөлмесі, әр қабатта бірнеше санторап, кір жуатын бөлмелері орналасқан. Барлық бөлмелер қажетті жабдықтармен қамтылғанын да айта кету керек. Сонымен қатар қыздар жататын қабатта тоғызқұмалақ үйірмесіне, ұлдардың қабатында үстел теннисі, қол күресі үйірмесіне арналған бөлмелер және жаттығу залы да бар.

Ал жатақхананың бірінші қабатында ұстаздардың жеке кабинеттері, психолог кабинеті, медициналық кабинет, қару-жарақ кабинеті, «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында құрылған кітапхана және ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеті орналасқан.

Колледж директоры Гүлнәр Әлімбаеваның айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстарына және жаңа жабдықтарға жалпы 181 млн теңге қаражат жұмсалған. Жөндеу жұмыстары 2023 жылдың маусым айында басталып қазан айында аяқталыпты. «Ең бастысы өрт қауіпсіздігі жүйесі, бейнебақылау камералары жаңартылды», — дейді колледж басшылығы.

Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті маман дайындау. Бұл тұрғыда №7 Бетқайнар колледжі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүргізуде деп сеніммен айта аламыз. Оқу орны теориялық білімді практикамен ұштастыруға басымдық береді. Мұнда студенттер оқу ордасы базасында лимон өсіреді, киім тігеді, колледж иелігіндегі жерге арпа мен бидай егеді. Міне, заманауи құрылғылармен жабдықталған, жарқыраған жатақханасы бар оқу орнының болашағы зор. Еңбек нарығы мен заман талабына сай ілгерілеп, дамып келе жатқан №7 Бетқайнар колледжінде жағымды жаңалықтары көп болғай.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.