СУАРМАЛЫ СУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

0

Жаз айы аудан шаруаларының суармалы суды аса қажет ететін мезгілі. Дақылдардан бастап жақында жүгері суару науқаны басталмақ. Ал, Қырғыз елінен келіп жатқан суармалы су көңілден шығып отырған жоқ. Өткен бейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбеков «Қазсушар» РМК облыстық филиалының аудандық бөлімшесі өкілдерімен бірге Қордай ауылынан бастау алатын каналдың жайымен танысты. Қазіргі таңда ауданға келіп жатқан су тек 10 м/с куб болып отыр екен. Бұл жылдағыдан әлдеқайда аз. Әлжан ана, одан әрі Қалғұты, Степнойдан асқан соң су деңгейі төмендеп, ары қарайғы шалғай ауылдарға мүлдем жетпей қалуда.  Аудан басшысы мамандармен сөйлесіп, қалай да шаруаларға көмек берудің, шығынның алдын алу бойынша сұрақтарды талқылап, өзінің бірқатар ұсыныстарын да айтты.

-Биылғы қуаңшылық шаруаларға оңай тиіп отырған жоқ. Осы орайда қолдан келгенше көмегімізді жасап, су үнемдеу, өзге де технологияларды қолдану бойынша барымызды салу қажет», — деген аудан әкімі жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Шаруалар мәселесі үкімет деңгейінде де белгілі. Жұма күні Қордай ауданының шаруаларымен кездесуге Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Азидуллин Галидулла Азидоллаұлы келді.

Шаруалар вице-министрге істің жай-күйін, шеккен шығындары жайлы айтып, егіс алқабына барып, өз көзімен көріп, жағдайды бағалауды ұсынды. Диқан қауым ауданда төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр.

Вице-министр дүйсенбі күні көрші елде үкіметтік деңгейде жиналыс өтетіндігі жайында айтты. Өйткені, бұл мәселенің астарында терең әлеуметтік проблема жатқаны рас. Бұдан соң, жұмысшы топ құруды тапсырып, сол топ жұмысына өзі де қатысуға әзір екенін жасырмады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.