Судағы қауіпсіздік пен өрттің алдын алу шаралары талқыланды

0

Сәрсенбі күні Қордай аудандық әкімдігінің баспасөз алаңында «Судағы қауіпсіздік мәселелері және өрттің алдын алу бойынша халықты ақпараттандыру» тақырыбында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Азамат Әбіштің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз конференциясында спикер аудан аумағындағы өрт қауіпті кезеңге дайындық және жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Азамат Әбілұлының айтуынша, ауданның 19 ауылдық округінде жеке құрамы 180 адамнан тұратын 19 ерікті өрт сөндіру жасақтары құрылған. Олар 95 бірлік өрт сөндіруге бейімделген техникамен (оның ішінде 56 трактор, 4 су тасығыш, 35 түрлі техника), 19 мотопомпамен және 345 алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілген. Ауылдық округтер мен шаруа қожалықтары арасында техниканы өртке жұмылдыру бойынша тиісті келісімдер жасалған.

Сонымен қатар, Қордай ауданындағы орман шаруашылықтарының өртке дайындығы да назардан тыс қалмады. Жалпы көлемі 13 384 гектарды құрайтын «Қарақоңыз» орман шаруашылығы МТЗ маркалы тракторлармен, ALFT-3 су тасығыш цистернамен, УАЗ «Фермер» және УАЗ «Hunter» автокөліктерімен қамтылған. Мұнда 11 адамнан тұратын өрт сөндіру жасағы жұмыс істейді.

«Қордай» орман шаруашылығында да қажетті техникамен жабдықталған 12 адамдық өрт сөндіру тобы құрылды. Мұнда 4 трактор, су тасығыш цистерна, 3 УАЗ «Фермер» және 2 УАЗ «Hunter» көлігі бар.

Мемлекеттік өрт сөндіру қызметтері бойынша Қордай ауылындағы №15 өрт сөндіру бөлімінде – 20 қызметкер және 3 техника, ал Отар ауылындағы №17 бөлімде – 10 қызметкер және 2 техника жұмыс атқаруда.

Аудан әкімдігі шалғай ауылдарда өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында Сортөбе, Масаншы, Бетқайнар және Үлкен Сұлутөр ауылдарында өрт бекеттерін құрды. Әр бекет 4 адамнан және 1 техникадан жасақталып, барлығы 16 маман қызмет атқаруда.

Бұдан бөлек, Азамат Әбіш судағы қауіпсіздік шараларына да тоқталып өтті. Ауданда арнайы суға шомылу орындары ретінде Қордай ауылындағы «Саяхат», Бетқайнардағы «Алмаз» жағажайлары белгіленген. Сонымен қатар, Қордайдағы «СССР» кешені, «Тұран» кафесі, «Синбад» және «Гранд парк» бассейндері де шомылу орындары ретінде қарастырылып, қауіпсіздік белгілері мен құтқару бекеттерімен жабдықталған.

Аудан аумағында су айдындарын патрульдеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қордай ауылындағы оң және сол жағалау каналдары, Әлжан ана, Степное, Жамбыл және Ноғайбай ауылдарының су арналары жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлесе тексерілуде.

Сондай-ақ, Қордай ауылындағы «Балауса» жазғы лагерінде балаларды жүзуге үйрету мақсатында арнайы инструктор қызмет етуде. Лагерьдің бір ауысымында 300 бала қабылданса, маусым соңына дейін 1800 балаға жүзу сабағы ұйымдастырылған.

Рұқсат етілмеген су айдындарында шомылудың алдын алу мақсатында халық арасында кең көлемді түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Бас маманның мәліметінше, су жағалауларында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін учаскелік полиция қызметкерлері тұрақты түрде рейдтер өткізуде.

Баспасөз конференциясының соңында Азамат Әбіш бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан түскен сауалдарға жауап берді.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.