СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ

0

Сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, біздің жас мемлекетімізді де жегі құрттай бұл кесел айналып өткен жоқ.

Сол себепті де елімізде осы қауіпті кеселді жою үшін кешенді іс-әрекеттер жасалып, бағдарламалар қабылдануда. Бүгінгі күнде оның нәтижелері де жоқ емес. Оны біз ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің жұмысынан көріп-біліп келеміз. Бұл ұйымның өкілдері тек тергеумен ғана шектелмей, жемқорлықтың алдын алу жұмысына ерекше көңіл бөледі.

Осы аптада ауданға іссапармен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша Департаментінің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Бақтыхожаев Ербол Жұмақадырұлы келіп, тұрғындармен бірнеше кездесу өткізді. Оның өткізген жиналыстарына білім беру, медицина, кәсіпкерлік салаларының өкілдері және мемлекеттік қызметшілер қатысты. Алғашқы кездесу А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте, кейіннен аудандық орталық ауруханада, аудандық кітапханадағы коворкинг орталығында және қорытынды кездесу аудандық әкімдікте өтті.

Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және оның алдын алу тақырыбына сай мәліметтер беріліп, қызметкерлерге нақты дәйектер мен мысалдар келтірілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы және онымен күресудің әдістері туралы айтылып, қылмыстық, тәртіптік, әкімшілік жауапкершілікті реттейтін арнайы нормативтік-құқықтық актілері де таныстырылды. Ербол Жұмақадырұлы Қордай ауданында тұрмыстық жемқорлық деңгейін анықтау бойынша жүргізілген сауалнама қорытындысы жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Оның айтуынша, сауалнамада қордайлықтар жемқорлық көбінесе жоғарыда аталған білім беру, медицина және мемлекеттік қызмет саласында орын алады деп көрсеткен. Осы себепті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметкері осы сала өкілдерімен кездесті. Ербол Бақтыхожаев Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіретінін, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайтынын атап өтті. Сонымен қатар, парақорлықтың, жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келетіні айтылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлерінің айналысып отырғанын көресетіп берді. Сондықтан бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылуы тиіс екені айтылды.

Кездесуде сонымен қатар, Қордай АПБ бастығының бірінші орынбасары Манас Абдикаримов интернет алаяқтық жайында да ақпарат ұсынып отырды. Әкімдікте өткен жиында Қордай ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінің басшысы Ердос Тоқтағұлов жемқорлықтың алдын алу мәселесіне қатысты баяндаманы оқыса, ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қарабаев көпшілікке «Адалдыққа бір қадам» акциясының орындалуы бойынша ақпарат ұсынды.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.