Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды, ұлттық мүддені жоғары қоятын, озық ойлы, білім мен білікті ұлттық салт-дәстүрмен ұштастыра алатын, қазақ қоғамындағы ұмыт болып бара жатқан жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты нағайтатын бойжеткен тәрбиелеу және оның бойына қазақи болмысты сіңіру – қазіргі қоғамның өзекті мәселесі болып тұр.
Осы орайда, еліміздің білім беру жүйесінде қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп – лицейінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» аясында «Даналық мектебі» өз жұмысын жүргізіп келеді.
«Даналық мектебінің» жұмыс жоспарына сай халқымыздың бойына ғасырлап сіңген ұлттық мінез, ұлттық тәрбие, жақсы дәстүрімізді жаңғыртып, ұлағатты қасиеттерді сіңіру және жеңге мен қайын сіңлі арасындағы қарым – қатынасты нығайту мақсатында «Жеңгелер мектебі» «Сырлы жеңге, сұлу қыз» атты тақырыпта үлгі-өнегеге тұнған, тәлім мен тәрбиенің ұйытқысы болатын тағлымы мол іс-шара өткізді. Аталған шараға мектеп директоры Г.Байсуанова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Г.Ильясова мен Б.Аргимбаеваның бастамасымен, «Жеңгелер мектебінің» жетекшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері А.Токбаева, М.Абишева және математика пәнінің мұғалімі М.Жантаеваның ұйымдастыруымен өткізілді. 8 «Ә» сыныбынан жеңге Абдрахманова Индира «Ат тергеу» дәстүрі туралы айтып, өзінің қайын сіңлісіне «Еркем» деген ат бергендігін өнеге етсе, Пішенбаева Сандуғаш атты жеңге кесте тігіп, Джангожаева Индира атты жеңге май шайқады. 9 «Ә» сыныбынан жеңге Қырғызбек Айсара тұрмыстық қажеттіліктер мен ата-бабамыз ұстанған наным-сенімдер мен ырым-тыйымдар туралы айтса, Тоқпанбет Гүлбаршын атты жеңге шаш өріп, шашбау тағудың сыры туралы айтып өтті. Молдабаева Құралай атты жеңге нан илеп, қамыр жайып, нан илеу мен қамыр жаюдың өзіндік ерекшеліктері жайында жеткізді. 10 «Ә» сыныбынан Қазикеева Еркінай құрақ құрап, құрақ құраудың ұзатылып бара жатқан бойжеткеннің жүгіне үйлі болып құралып кетсін деген ниетпен құралатындығы туралы айтса, Төлеген Баян ықылым заманда талқан тартып, нәубет жылдарда ас-қорек, талғажау етуге септігін тигізген диірмен туралы айтып, диірмен тартты, Көпен Айнұр ұлттық сусындардың бірі ағарған, соның ішінде күбіде айран пісу туралы айтып қана қоймай, күбі пісіп, күбі пісу әдебі туралы айтты. Іс-шараға қатысқан жеңгелер дүйім жұртпен сәлемдесу кезінде сәлем салып, өз ізеттіліктерін көрсетті. Ал қыздар өз кезектерінде жеңгелерінің үлгісімен әрбір іс әрекеттерін ерекше ынтамен қайталады.
Жазушы Ғ.Мүсірепов: «Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бір кездессе – бірін-бірі жасырыңқырап тұрады да, ашықтық пен абайсыздық кездессе – бірін-бірі асырыңқырап тұрады», — деген екен. Біздің міндетіміз Ғ.Мүсірепов пікірінің алғашқысын тәрбиелеу, әсіресе қызға жеңгелері үйрететін үй шаруасына икемділік, ісмерлік, жүріс – тұрыс сыпайылығы, әсемдік, жинақтылық пен тазалық, өз бойын күту мен ашық қабақтылықты қоғамда ұлт тәрбиелейтін бүгінгі қыз, ертеңгі бойжеткен, болашақ ана тәрбиелеу.
Мақпал АБИШЕВА, №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі