ТҮРКИЯНЫ ТАЛАНТЫМЕН ТАМСАНДЫРҒАН

0

Қордай аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары 2-6 қараша аралығында Түркияның Стамбул қаласында өткен халықаралық «Istanbul Autumn» («Стамбул күзі») атты өнер фестиваліне қатысып, жүлделі оралды.
Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Болгария, Ресей мемлекеттерінің өнерпаздары бақ сынаған байқауда қордайлықтар вокал және хореография номинациялары бойынша өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен вокал номинациясы бойынша жерлестеріміз Серік Алихан бас жүлдені, Қабыл Дархан бас жүлдені, Халид Орынқұл 1-орынды иеленсе, хореография номинациясы бойынша «Махаббат» би ансамблі бас жүлдені, Айсезім Асқар 1-орынды, «Нұрсұлтан» би тобы 1-орынды, Камила Абдрахманова 1-орынды жеңіп алды.
Аудандық Мәдениет үйінің директоры, топтың жетекшісі Жанат Нұралиеваның айтуынша, дарынды жастарымыз жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, көпшілікті тәнті еткен. Әсіресе, Серік Алиханның түрік тілінде шырқаған әніне жиылған қауым жұп болсын деп қолқа салып, кішкентай бүлдіршін әнін үш рет орындаған екен.
Қабыл Дархан, вокал номинациясы бойынша бас жүлде иегері:
«Түркия елінде өткен халықаралық өнер фестивалінде жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Ұжымдастарымды да жүлделі орындарымен құттықтаймын. Мен сайыстың бірінші күні Мұқағали Мақатаевтың «Қазағым-ай» әнін орындадым, екінші күні ағылшын тілінде ән шырқадым. Жалпы конкурстың ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Біз осы іс-шара аясында Стамбулдың көрікті жерлерін аралап та үлгердік. Ұйымдастырушылар қаланың танымал жерлерін көрсетіп, экскурсия өткізді. Бізге осындай зор мүмкіндікті сыйлаған аудан басшылығына алғыс айтамын».
Айта кетейік, жүлдемен оралған жерлестеріміз шетелдерге жеңілдікпен жолдама ұтып алды. Мәселен, бас жүлдені иеленген Серік Алихан мен Қабыл Дархан келесі жылдың қыркүйек айында Италияда өтетін конкурсқа 50% жеңілдікпен жолдама алса, қалған жүлдегерлер 30% жеңілдікпен Болгарияға жолдама алды. Түркия елін бағындырған күміс көмей әншілеріміз бен мың бұралған бишілерімізді жеңісімен құттықтап, алар асулары көп болсын деп тілейміз!

Leave A Reply

Your email address will not be published.