ТҰМАУДАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

0

Тұмау – жұқпалы ауру. Онымен үлкен де, кіші де ауырады. Сонымен бірге бұл сырқат жыл сайын қайталанып ел арасына тез тарап отырады. Әсіресе, адамдардың көп жиналған жерлерінде, үлкен қалалар мен елді-мекендерде тұмау сырқаты тез тарайды. Осы орайда біз тұмаудан сақтану және алдын алу жолдары туралы ақпарат ұсынамыз.

Кей жағдайларда тұмау тек жекелеген адамдар арасында ғана кездеседі. Ал кейде осы жеке адамнан басталып тұмау аз уақыт ішінде бүкіл қалаға немесе бүкіл елге, тіпті, бір құрылыққа, қала берді дүние жүзі елдерінің бәріне жайылып кетуі ықтимал. Мұндай жағдайды біз тұмаудың пандемиясы деп атаймыз. Мысалы, 1918 жылы бүкіл дүние жүзін қамтыған тұмау пандемиясынан 20 миллион адам қаза тапқан. Ал соңғы жылдары тұмау пандемиясы 1957 жылы байқалды.
Әсіресе, қыс айларында тұмаумен аурушылар көбейіп кетеді. Сондықтан да бұл жұқпалы ауру тез тарап кетпес үшін алдын ала шаралар қолдану басты міндет. Өйткені, бұл ауру адамдар арасында тез тарайды да, адам ағзасының тұрақтылық және қарсылық білдіретін күшін әлсіретіп, ескілікті созылмалы ауруы болса оны қоздырады. Ал аурудың басқа түрлерімен сырқаттанған адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, асқындырып жібереді.
Тұмау көбінесе жылдың суық мезгілдерінде жиі ұшырайды. Тұмауды тек онымен ауырған адамдардан жұқтыруға болады. Өйткені, бұл ауруды қоздырушы вирустар ауру адамның мұрнында, көмейінде, жұтқыншағында және кеңірдегiнде болады. Сырқат адам сөйлегенде, жөтелгенде және түшкіргенде сілекей шашырандылары ауыздан шыққан ауаның екпіні жан-жаққа тарайды да, қасындағы тұрған адамдарға жұғады. Сондай-ақ, бұл сырқатпен ауырған адамдардың қолданған заттары арқылы да тез тарайды.
Тұмауға шалдыққан адамның денесінде аурудың мынадай белгілері байқалады:
* Дене қызуының көтерілуі;
* Тітіркену;
* Басы ауырады;
* Денесі дел-сал болады;
* Бас айналу;
* Сүйектері мен бұлшық еттері сырқырайды;
* Мұрыннан су ағады;
* Кейде құрғақ жөтел пайда болады;
* Жарыққа тура қарай алмайды;
* Көзі ауырады.
Егер ауру асқынбаса, екі-төрт күнінің ішінде сырқаттанған адамның жалпы күйі біртіндеп жақсарады. Ал, небәрі алты-жеті күн ішінде жазылып кетуі де ықтимал. Ескертетін бір жайт-сырқаттан қанша жазылдым деп ойлағанмен, оның бара-бара асқынып кетуі де мүмкін. Тұмаудың асқынуы салдарынан адамдардың өкпесі қабынып, құлақтың артқы бөлігі, мұрын мен оның маңайындағы қуыстары талаурайды. Тамағы ауырып, мұрыннан қан кететін болады. Жүрегі нашарлайды, тіпті кейбір кездейсоқ ауруларға шалдығып қалуы да мүмкін. Ал асқынған тұмау ұзаққа созылады.
Қарттар мен жас балаларда және басқа бір аурумен жүдеген, әлсіреген адамдарда тұмау өте ауыр өтеді. Шаршап, шалдығу, тоя тамақ ішпеу, суықта қалу және маскүнемдікке салыну адам ағзасын ауруға шалдығуға бейімдеп, тұмаудың асқынып кетуіне әкеп соқтырады.
Қорыта айтқанда, тұмау адам өміріне өте қауіпті ауру. Сондықтан да одан сақтану басты мәселелердің бірі болып табылады. Тұмаудан жеке адамдардың өздері сақтануы керек. Сонымен бірге қоғамдық және медициналық сақтандыру жолы да бар. Бұл іспен медицина қызметкерлері шұғылданады. Ал, әрбір жеке адамдардың сақтануы және қоғамдық сақтану дегеніміз не? Оған мыналар жатады: мысалы, таза ауада орындалған дене шынықтыру мен спорт жаттығулары өкпені, жалпы денені шынықтырады. Жаттыққан және шыныққан адамдар тұмаумен өте сирек ауырады. Сондықтан дене шынықтырудың жеңіл түрі, таңертеңгі гимнастикалық жаттығулар, денені салқын сумен жуу организмнің қарсылық көрсететін кабілетін арттырады.
Витаминді тамақтардың, әсіресе, С дәруменінің пайдасы зор. С витамині адамның тамырын жұмсартып, тканьдердің сырқатқа қарсылық күшін көтеруде маңызы үлкен. Сондықтан қыс айларында дәрумені мол тамақ ішкен дұрыс, немесе дәріханалардан дайын дәрумендер сатып алып пайдаланған жөн. Тұмауға қарсы күресте әртүрлі қоғамдық орындарды: мектептерді, дүкендерді, асханаларды, жұмыс істейтін жерлерді, тұрғын үйлерді таза ұстаудың маңызы зор. Өйткені, таза ауада тұмауды қоздырушы вирустар тез өледі. Сондықтан өндірістік және күнделікті тұрмыстық бөлмелерге әр уақытта таза ауа кіргізіп, шаңын сүртіп отыру керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.