2023 жылы тойланатын атаулы күндер

0

Биыл елімізде қандай атаулы күндер мен мерейтойлар атап өтілетінін назарларыңызға ұсынамыз.

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИДІҢ ТУҒАНЫНА – 930 ЖЫЛ
Қожа Ахмет Яссауи – суфизм поэзиясының негізін қалаушы, барлық Шығыс мұсылмандарының рухани тәлімгері және діни жетекшісі. Ақын, ойшыл, ғұлама 1093 жылы Ясы қаласында дүниеге келген. Ұстазы – Арыстан баб. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани хикмет».

СҰЛТАН БЕЙБАРЫСТЫҢ ТУҒАНЫНА –
800 ЖЫЛ
Қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтерілген Мәмлүк мемлекетінің төртінші сұлтаны. Тарихқа сүйенсек, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған. ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, тұтқынға түскен. 1260 жылы Күтіз сұлтан қайтыс болған соң, Бейбарыс таққа отырады.

ҰЛЫ ЖҮЗДІҢ БИІ ТӨЛЕ БИДІҢ ТУҒАНЫНА – 360 ЖЫЛ
Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Үш жүзге төбе би болған Төле би өзінің әділдігі мен шешендімен танымал. Төле би Тәуке ханның, Абылай ханның тұсында ел арасындағы әртүрлі дауларды шешуге атсалысқан.

БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ ТУҒАНЫНА- 330 ЖЫЛ
Бұқар жырау Қалқаманұлы – XVIII ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Қазақ жырауы, мемлекет қайраткері 1668 жылдар шамасында туған. Абылай ханның ақылшы, биі болған. Жұрт оны «Көмекей әулие» деп атаған. Бұқар жырау шығармалары халықты отансүйгіштікке, бір орталыққа бағынған іргелі ел болуға шақырады.

АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ, АЛҚАКӨЛ СҰЛАМАҒА — 300 ЖЫЛ
Қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, тарихи оқиғаға 300 жыл (1723). Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары (торғауыттар), Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жоқ болу қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жасанған жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеп қарманды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. Ұлт перзенттері бардың басын қосып, халық бірікпей тірлік болмайтынын түсінді. Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Абылай, Әбілқайыр бастаған қалың ел жоңғарларға қарсы майдан ашып, Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында, Аңырақай даласында ұлы жеңіске жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қазақ халқының есінде ұлы қасірет болып мәңгі тарихқа хатталды.

ҚҰРМАНҒАЗЫ САҒЫРБАЙҰЛЫНЫҢ ТУҒАНЫНА — 200 ЖЫЛ
Күйші, композитор, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлы (1823-1896) әңгімешіл, өте зерек, өтірік пен жаланы жек көретін адам болған. Аяусыз азап пен қитұрқы саясатқа бар болмысымен қарсы шыққан күйшінің жарты ғұмыры айдауда өтті. Құрманғазы алты рет абақтыға қамалып, босап шыққан. Өмірінің соңғы күндерінде тыныш өмір сүріп, өзі тұрған жерде 1889 жылы қайтыс болады. Топырақ бұйырған орны – «Құрманғазы төбесі» аталған, Ресейдің Астрахань облысы.

ҰСТАЗ, ЖАЗУШЫ СПАНДИЯР КӨБЕЕВТІҢ ТУҒАНЫНА — 145 ЖЫЛ
Қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеев – 1878 жылы Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Қазақ топырағында жарыққа шыққан тұңғыш романдарының бiрi болған «Қалың мал» романының авторы. Онда қазақ ауылының әлеуметтiк суретi, қазақ әйелiнiң тағдыры, оның теңсiздiгi және жастар өмiрi, ойын-той салттары туралы бейнеленген.

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ МҮШЕСІ МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА –
130 ЖЫЛ
Мағжан Бекенұлы Жұмабаев — 1893 жылы 25 мау-сымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы. Мағжан қазақ поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі ретінде де белгілі.

АҚЫН СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВТЫҢ ТУҒАНЫНА – 130 ЖЫЛ
Сұлтанмахмұт Торайғыров – XIX ғасырдың аяғы XX ғасыр басында қысқа да, қиын тағдыр кешкен парасатты, демократ, реалист-ақын. Ол 1893 жылы 29 қазан айында Көкшетау облысы, Қызылту ауданында дүниеге келген. Өзінің аз ғана ғұмырында лирикалық өлең, публицистикалық очерктер мен мақалалар, 5-6 поэма, екі роман жазып үлгерген, қиындықтың дәмін татқан, шебер ақын ретінде таныс.

ӘЙГІЛІ ПАРТИЗАН ЖАЗУШЫ ҚАСЫМ ҚАЙСЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА — 105 ЖЫЛ
Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, партизан-жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, халқымыздың біртуар перзенті – Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында дүниеге келген. 1941 жылы басқыншылар қолына түскен жазушы Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядының басқарушысы болады. Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің ерлігін суреттейтін «Жас партизандар», «Ажал аузында», «Жау тылындағы бала», «Жау тылында» секілді көптеген шығармалардың авторы.

ТАХАУИ АХТАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА —
100 ЖЫЛ
Қазақстанның Халық жазушысы Тахауи Ахтанов Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды. 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін, әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдеби-сын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары — проза мен драматургия.

БИКЕН РИМОВАНЫҢ ТУҒАНЫНА — 100 ЖЫЛ
Бикен Римова 1943 жылы Алматы театр училищесін бітіреді. 1941 жылы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына жұмысқа қабылданып, ғұмырының соңына дейін сол жерде қызмет атқарды. Өзінің шығармашылық жолын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» қойылымындағы басты кейіпкер Еңлік рөлін сомдаудан бастаған. Театрдағы рөлдері көбінесе әйел образын ашуға, оның болмысын көрсетуге бағытталады. М.Әуезовтың «Еңлік-Кебегінде» Еңлік, «Қаракөзде» Маржан, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Жер-Ана, Н.Гогольдің «Ревизорында» Пошлепкина секілді рөлдері ерекше атап өту қажет. «Тақиялы періште», «Менің атым Қожа», «Шабандоз қыз», «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» сынды бірқатар киноларда төбе көрсетті. Өмірінің соңғы жылдары отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясына түсті. Бикен Римова 1966 жылы Қазақ КСР Халық әртісі мен Мемлекеттік сыйлығының Лауреаты атағын иеленді.

ЖАЗУШЫ ҒАФУ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 95 ЖЫЛ
Ғафу Қайырбеков 1928 жылы 15 тамызда Қостанай облысы, Торғай қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. Қазақ мемлекеттік баспасында поэзия редакциясының басшысы, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі секілді қызметтерді атқарған.

ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ ҚАЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА –
95 ЖЫЛ
Жазушы 1928 жылдың 24 желтоқсанында Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Шіркейлі ауылында дүниеге келген. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында «Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысы қойылды.

ЖАЗУШЫ ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жарық жұлдыздарының бірі – Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Оралхан Бөкей – жазушы, драматург. Әдебиетке өзіндік өрнегін сала келген жазушы оқырманын өзгеге ұқсамайтын ерекшелігімен таңқалдырған жазушы. 1970 жылы Алматыда жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы жазушы есімін көпке таныс етті.

МҰРАТ ӘУЕЗОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ
Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген. Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.