Тұрғындардың газға қатысты назы көп

0

Жылыту маусымы басталғалы аудан тұрғындарының газ есептеуіш құралына қатысты шағымдары күннен күнге көбеюде. Оқырмандарымыз  наразылықтарын әлеуметтік желідегі парақшамызға жазып жеткізуде, редакциямызға келіп мұң-шерін тарқататындары да бар…

Өткен аптада   Галина Юдина есімді Қордай ауылының тұрғыны келді. Зейнет жасындағы әйел осы уақытқа дейін барлық коммуналдық қызметтерге ақыны уақытылы төлеп келген. Қазан айында оған газдың түбіртегі келеді, онда 15 000 теңге төлемақы жүргізуі тиіс деп көрсетілген. Одан бөлек, «Есептегішті ауыстырыңыз» деген қаламмен жазылған жазу бар. Сөйтсе, есептеуіштің мерзімі қыркүйек айында өтіп кеткен. Ал қазан айындағы төлем норматив бойынша  есептелген. Бірақ бұған дейін тұтынушыға есептеуіш құралының мерзімі өтуіне байланысты ауыстыру қажеттігі туралы хабарлама келмеген, «не бақылаушымыз бір ауыз ескертпеді», — дейді ауыл тұрғыны. Осыдан кейін Галина Викторовна төлемақыны жүргізіп, 30 мың теңгеге жаңа есептегіш құралын сатып алады. Сондай-ақ, үйінің газдандыру жобасын 15 000 теңгеге ауыстыруға тура келіпті. «Бір зейнетақыға күн көріп отырған маған осының бәріне 60 мың теңге шығарғаным қалтамаға ауыр тиді. Біз бақылаушыны мүлдем көрмейміз, ол бізбен ватцап арқылы ғана сөйлеседі, газдың көрсетілімін суретке түсіріп жібереміз. Есептегішті ауыстыру қажеттігін неге ескертпедіңіз, десем «Бұл өзіңіздің проблемаңыз» деген жауап алдым. Бұрын мұндай ескертулерді бөлек хабарлама қылып жіберетін, ал қазір түбіртекке көзге көрінбейтіндей қылып жазып қояды. Оған көпшілігі мән бермейді де. Неге бақылаушылар жұмыстарын дұрыс орындамайды? Жаңа есептегіштің бағасын кім бекітеді?», — деген наразылығын жеткізді ауыл тұрғыны.

Көгілдір отынға қатысты күрмеулі мәселелердің жауабын табу үшін «ҚазТрансГАз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы Қордай аудандық бөлімшесіне бардық. Мекемеде Қордай ауылдық учаскесінің менеджері Серік Сүлеймановқа жолығып, тұрғындардың шағымын жеткіздік. Серік мырза да соңғы уақытта газ есептегішін ауыстыруға қатысты мәселе азаматтар арасында өте өзекті болып жатқанынан хабардар. Тіпті, алдында отырған екі кісі де дәл осы сұрақпен келіп отыр екен. Отырар көшесі, 26 мекенжайында тұратын азамат есептегішті ауыстырғанына екі ай өткенімен қайта есептеу жүргізілмегеніне наразы болса, Қалғұты ауылынан келген аудан тұрғыны коммуналдық қызметтер үшін негізсіз төлемдерге шағымданды.

Серік Сүлеймановпен сұхбат барысында көптің көкейінде жүрген сұрақтарды қойдық.

–       Ең алдымен есептегіш құралды не үшін ауыстыру қажеттігін түсіндіріп өтсеңіз?

–       Кез келген есептегіш 5 жылда бір тексерістен өтуі керек. Егер тексеріс оң нәтижені көрсетке, әрі қарай қолдана береді. Ал теріс нәтиже берген жағдайда ауыстыру қажет. Мысалы, құрылғыда механикалық зақым болса, тығыздағыштар сынған, индикаторлар оқылмайтын жағдайларда міндетті түрде ауыстырған жөн. Сонымен қатар, әр есептегіштің деректер парағында көрсетілген қызмет мерзімі аяқталған жағдайда да ауыстыру қажет. Тұтынушы есептегішті ауыстырмаған жағдайда норматив жүреді. Яғни, базадан алынып, үйдің көлеміне және абоненттердің санына байланысты норма шығады. Ал жаңа есептегішті орнатқаннан кейін базаға қайта енгізіліп, қайта есептеу жүреді. Сонда тұтынушыға тиісті сома қайтарылады.

–       Есептегіш бағасының тым қымбаттығына шағым көп…

–       Есептегіштің бағасын біз бекітпейміз, оны біз келісім-шартқа отырған мердігер белгілеп отыр. Осы ретте айтқым келетіні, есептегіш құралды біздің мекемеден алу қажет, деген қатып қалған қағида жоқ. Оны қалаған жеріңізден сатып алсаңыз болады, бірақ сәйкес Қазақстандық сертификаты болуы қажет.

–       Есептегішті ауыстыру қажеттігі туралы азаматтарға неге алдын ала ескертілмейді?

–       Азаматтарға ескертіледі, түбіртекте бұл жазылады. Мұнда тұрғындар бір нәрсені түсінуі қажет. Үй иесі пәтердегі немесе үйіндегі есепке алу аспаптарын қадағалауға міндетті. Өйткені, бұл оның меншігіндегі нәрсе. Халықтың көпшілігі осыған көп назар аудара бермейді.

–       Оқырмандарымыздың көпшілігі «бақылаушыларды мүлдем көрмейміз, вацапта чат ашып, газдың көрсетілімін жіберуімізді талап етеді», деп жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізуде. Бұған не дейсіз?

–       Бақылаушыларымыз бар, олар үйді-үйді аралап жұмыстарын атқарады. Азаматтардың көпшілігі тәулік бойы үйлерінде отырмайды ғой, сондықтан телефон арқылы көрсетілімді жіберулерін сұрауға тура келеді. Қазіргі таңда 1 бақылаушы 900 абонентке жауап береді, яғни барлығына бірдей сапалы қызмет көрсетіп үлгермейді. Маман жетіспеушілігі бар, бұл мәселе жаңа жылда шешіледі деп күтудеміз.

Түйін. Бір белгілісі, газға қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар мен өтініштер бұрыннан жиі түседі. Бұл салада кемшіліктердің барын көрсетеді. Осы орайда аудандық газ мекемесі жергілікті халықтың назына құлақ асып, абоненттермен жұмысты бір ретке келтірсе құба-құп болар еді дегіміз келеді. Және алдағы уақытта оң өзгерістер орын алады деген үміттеміз.

Сәуле Мұхадинқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.