Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Халқымыз «тәні саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Барша азаматтардың денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтына бағытталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын – егемендіктің кілтін ұстар жастардың болашағына апаратын алтын сүрлеу десе болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының Қордай ауданындағы «№17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен, 7-сәуір Дүниежүзілік денсаулық күніне орай жеңіл атлетикадан кросс өткізілді. Кроссқа №17, №18, №19 спорт мектептерінің қызметкерлері және ниет білдіруші түрлі деңгейдегі аудан спортшылары қатысты. Қатысушылар жүгіру жолын Өтеген батыр көшесі бағытынан бастап, «Ноғайбай би» атшабарындағы арнайы белгіленген мәре сызығына жеткенше жалпы ұзындығы 3,6 шақырымды жүгіріп өтті. Жарыс барысында спорт мектебі қызметкерлері, жасөспірімдер мен жастар және одан жоғары жастағы азаматтар арасында жүлделі орындар бөлек сарапқа салынды. Мәреге алғаш жеткен үш үздікке №17 спорт мектебінің тағайындаған алтын, күміс және қола медальдары және бағалы сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ, іс-шараға белсене атсалысқан «Ең жас спортшы» мен «Белсенді ардагерлер» арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ