«Қазақ тілі сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан дүниеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей межет беріп, адам түгілі жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып тіл». Бұл – ұлт батыры Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөзі. Қазақтың тілі туралы мұндай қанатты сөзді жүздеп келтіре беруге болады. Рас, ұлттың тілінің құнарлылығына ешкім күмән келтіре алмайды. Бірақ құлақ құрышын қандыратын ұлы, бай тілді өскелең ұрпақтың бойына сіңіре алып отырмыз ба? Мәселе осында.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы №61 санында жарық көрген мақаласында «…әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуы сақталу. Солай болған соң бастауыш мектеп, әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс боларға керек, яғни қазақтың діні, тілі, жазуы сұмдык пікір, суық қолдан тыныш боларға керек… Әуелгі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек… Бастауыш мектепте кілең қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрапия, шаруа-кәсіп, жаратылыс жайы… Әуелі біз елді түзеуді бала окыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халыктық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» деген екен.
Міне, одан бері 100 жылдан аса уақыт өтсе де, тіл мәселесі маңызын жойған жоқ. Қайта мемлекеттік тілдің мәртебесі жыл өткен сайын маңызды бола түсті. Біз ондаған жылдар бойы үш тұғырлы тіл саясатын жүргіздік. Бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін енгіздік. Әлі сауат ашпаған, әріп танымаған бала ана тілінің құдіретін санасына сіңіре алмай жатып, оларды ағылшын тілін үйретуге итермеледік. Ал жаңа Қазақстан саясатында мұның барлығы үлкен олқылыққа ұрындырғанын енді түсіне бастағандаймыз. Бірінші сыныпта бала бір тілді, ана тілін ғана меңгеруі қажеттігін біле тұра, мән бермедік. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасында тілдік саясаттың қайта жасалып, жүзеге асатынын мәлім етті.
– Ағылшын тілін білу қажеттілігіне күмәнданбау керек. Ғылыми мақалалардың 90 пайыздан астамы ағылшын тілінде жарияланады, интернеттегі контенттің 60 пайызы ағылшын тілінде. Бастауыш сыныпқа келер болсақ, осы тақырып бойынша зерттеу мен талдау жүргізгеннен кейін біз бірінші сынып оқушысы үшін бірден 3 тілді меңгеру қиынға соғатынына көз жеткіздік, бұл тиімсіз. Мәселе – дидактика мен физиологияда. Біз бұл мәселе бойынша шешім қабылдадық және бірінші сыныпта қазақ тілінде оқытатын мектептерде бала бір ғана тілді – қазақ тілін меңгеруі, яғни алдымен өз ана тілінде оқу мен жазуды меңгеруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқытатын мектепке келсек, 1-сыныпта орыс және мемлекеттік тіл, 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады. Әдістемелік тұрғыдан алғанда бұл орынды, мұндай зерттеулер мен ұсыныстар жасалып қойған, сондықтан біз оны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Білім және ғылым министрі.
Бұл – дұрыс саясат. Тіл үйрену үшін қажеттілік не мәжбүрлік емес, шынайы қызығушылық болуы маңызды. Ал қызығушылықты, ұлттық мүдде мен саясатты ең алдымен өзіміз және мемлекеттік билік жасауы қажет.
Швейцарияның атақты философы Жан Вильям Фринц Пиаженің былай дегені бар: бала 6-7 жасында өзінің қай ұлтқа жататынын сезіне бастайды. 8-9 жасында ана тілін, туған жерін, елін біледі, 10-11 жасында ол өзін сол ұлттың өкілі ретінде сезінеді. Ал ұлттық сана-сезім мен белгілі бір ұлттың өкілі екендігін 10-11 жасында толық ұғады және сол ұлттың өкілі болып қалыптасады.
Ал жапондар ше? Жапонияда бесінші сыныпқа дейін балалар тек қана жапон тілінде оқиды. Одан кейін ғана барып, ағылшын немесе өзге тілді оқыту жүзеге аса бастайды. Демек, бесінші сыныпқа дейін өзінің ана тілінде оқыған бала өмір бойы өз тілін ұмытпайды. Бізге де жапондық осы дәстүрді енгізсе, еш артығы жоқ.
Биыл мектеп табалдырығын аттайтын баланың қанша пайызы қазақ сыныбына барады? Ең алдымен ірілігімізді, тірілігімізді тіршілікте көрсетіп, ұрпағымызды ана тілінде оқытуға күш салғанымыз абзал. Ақиқаты, тілін білмеген, түбін білмейді. Ендеше, тәрбие басы – тіл.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ