ҚАЗАҚ АНАСЫ – ҰЛТ ТІЛІНІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТІРЕГІ

0

Жүрегі елім деп соғатын әрбір саналы адам ұлттық мәселелер төңірегінде тебіренген сәтте тіл жайында ойланбай кете алмайды. Себебі тіл ұлтпен бірге жасайтын және де ұлт өмірінде шешуші рөл атқаратын аса бағалы құндылық. Шешуші деп отырғанымыз адамзат тарихындағы ұлттар ғұмырының ұзақтығы мен қысқалығы негізінен тілінен айырылу не айырылмау, сақтай алу, сақтай алмау мәселесімен байланысты.

Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың – өзі де жоғалады» дегені барынша дәл айтылған тұжырым. Асылында, жер бетінде тілсіз ұлт болмайды. Ұлтсыз тіл де болмайды. Ұлт белгілі бір тілімен жаратылады. Адам да белгілі бір ұлттың өкілі ретінде бір тілдің иесі, қолданушысы, сақтаушысы, дамытушысы, өзінен кейінгі ұрпақтарға сол тілдің жеткізушісі ретінде өмір сүреді. Әрине, адам баласы әртүрлі әлеуметтік-тарихи жағдайға, өскен ортасына, ғұмыр кешіп жатқан мемлекетіне, қоғамына байланысты белгілі бір тілді үйренеді. Ол оның ана тілі болады немесе табиғи жаратылысынан бөлек бөгде тіл болады. Бірақ адам өмірлік сұранысына, білім алу қажеттілігіне, қызметтік және т.б. талап-тілектерге сай екінші, үшінші тілдерді меңгеруі де мүмкін.
Халқымызда «Ана тілі ана сүтімен дариды» деген сөз бар. Алайда ана сүтімен дарыған тіл әрі қарай ана әлдиімен, бесік жырымен, аналардың өз сәбиіне тек ана тілінде сөйлеуімен жалғаспаса, отбасындағы дәстүрлі тәрбиеге ұласпаса, ана сүтімен берілген тілдің тіршілік етуі тоқтайды. Оның орнын бөгде тіл алмастырып, баланың санасын, дүниетанымын басқа арнаға бұрып жібереді. Мұндайда «Бұлағы болмаса, өзен де сарқылар», «Гүлсіз жапырақ – тұл, көксіз топырақ – тұл» деген қазақ мақал-мәтелдері ойға оралады.
Қазақ аналары, жасы бар, жасамысы бар, балаларын өз ана тілінде тәрбие алудан, өз ана тілінің уызына сәби шағынан қанығып өсуінен қол үздіре көрмеуі керек. Өткен ғасырлардағы аналарымыздың тіл мәселесіндегі аналық миссиясы бүгінгі заманда да жалғасын табуы керек. Ғалымдар баланың бүкіл дүниетанымы, ой-санасы, тілдік әлеуеті, қабілет-қарымы бес жасқа дейін-ақ қалыптасып қоятынын айтады. Тіпті баланың тәрбиесі жарық дүниеге келмей тұрып та басталып кететіні жөнінде жасалған тұжырымдардың түпкі негізі, ақиқаты бір. Психологтардың зерттеуі бойынша, 2 жасқа дейін баланың сөздік қоры 250-300 сөзге жетеді екен. 6 жастың соңына қарай сөздік қоры 1-2 мың сөзбен толығатын көрінеді. Яғни баланың тілдік іргетасы анасының әлдиінде жүрген шағында қалыптасып қояды. Аз ғана уақыттың ішінде осыншама сөзді жат тілде үйреніп шықса, туған тілдің шетте қалғаны дей беріңіз. Демек, бір-ақ жол бар. Ол – әрбір ана өз баласын қазақ тілімен неғұрлым ертерек таныстырып, соғұрлым баласының өз ұлтының ұланы болып шығуына мол мүмкіндік беріп, тек тамырынан ажырамауын ойлауы керек. Сонда ол бала өскенде өзіне ұлт тілінде тәрбие беріп, ұлттық тіл арқылы оның бойына қазақы намыс, қазақы рух дарытқаны үшін анасын өмір бойы ардақтап, рақмет айтып өтеді. Өйткені әрбір саналы азамат қалай болғанда да өзінің ұлты жайында, ұлттық тілі жайында азды-көпті ойланады. Ойланбауы мүмкін емес. Тілі орысша қалыптасса да, өсе келе өзінің қазақ екенін түсіне бастайды. Жалпы тілдік тәрбиенің маңызды тұсы – ана тілінде берілген тәрбие, білім өзге тілдерге қарағанда әлдеқайда сіңімді болады. Өзге тіл дәл ана тіліндей ұлттық рухани байлық, ақыл-ой, таным мен парасат бере алмайды. Өйткені өз тілің алпыс екі тамырыңды қуалап, жүректен, адамның жанынан, жаратылысынан бастау алатын тіл. Сырттан танылған тіл емес. Өкінішке қарай, қазіргі заманда елімізде жаһандық, батыстық құндылықтарға көбірек бой алдырған аналар да аз емес. Олар өз балаларына шет тілін үйретуге күш салуда. Шетел әдебиетін оқытады, шетелдік киноларды, мультфильмдерді көрсетеді. Сөйтіп жүріп, өз балаларын ана тілдерінен мүлдем бейхабар етіп, жат болмысты ең алдымен өздері сіңіріп, жат мәдениеттің дәнегін бойларына өздері егіп жатқанын сезбейді. Мәселеге тереңдей қарасақ, ұлттық құндылықтарынан ажырап қалған баланың еш кінәсі жоқ. Өйткені ол дүниеге келген сәттен бастап өз ана тілінде тәрбие ала алмады. Өзге тілді «өз тілі» ретінде қабылдап, ол тіл санасына сіңді. Осынау жарық дүниеде саф алтындай таза, бұлақтың суындай мөлдір де бай ана тілі бар екенінен хабарсыз өсті. Қазақ тілін білмей өскендіктен оның бойында ұлтына деген жат психология пайда болды. Өз басым өмірде ана тілін білмей өскен қазақ азаматтарын көп жолықтырдым. Сұхбаттасып, әңгімелерін де тыңдадым. Сондай кезде: «Әттең, бала жасымнан ана тілімді үйренсем ғой» деген өкініштерін айтып қалады. Иә, мәселенің төркіні, қарап тұрсақ, отбасындағы тілдік тәрбиеде жатқанын көреміз. Әрине, заманның, саясаттың, идеологияның әсерін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, отбасындағы ананың рөлі баланың тілдік санасын қалыптастыру бағытында әрқашан бірінші орында. Кезінде демограф Мақаш Тәтімов: «Тілдің ең соңғы ұясы – отбасы болып табылады. Ана тілі отбасыдан кетті деген сөз – ол тіл біржола жойылды деген сөз» деп айтқаны шындық. Ешбір адам о баста ана тілінің қадір-қасиетін сезініп тумайды. Бұл өсе келе қалыптасатын құндылық. Тілдік таным, тілдік өре, мінез, талғам, ықылас пен ниет өмір тәжірибесінің, берілген тәрбиенің тікелей көрінісі. Мысалы, ата-ананың тілге деген талғамы жоғары болса, сөздің қадір-қасиетін жақсы білетін болса, ол еріксіз баласына да беріледі. Әкенің баласына қазақша сөйлегенінен гөрі анасының қазақша сөйлегені әлдеқайда ықпалды болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Неге десеңіз, әкесі қазақ тілін жақсы білсе де, анасы қазақ тілін білмейтін отбасында өскен бала алдымен анасының сөйлеп жүрген тіліне бейімделеді. Алғашқы сөздер де анасының айтуымен бойына сіңеді. Мына бір қызықты дерекке назар аударайық. Дүниежүзінде Нобель сыйлығын алған ғалымдардың 90 пайызы ғылыми жаңалықты өз ана тілінде ашады екен. Яғни ана тілінің топырағынан нәр алған балалардан болашақта әйгілі ғалымдар, данышпандар шығады деген сөз. Тіл – қатынас құралы ғана емес, ол мемлекеттілікті айшықтайтын негізгі тірек. Мұндай ұлттық сипат Өзбекстанға, Арменияға, Грузияға, Түркияға, т.б. елдерге барсаңыз, байқалмай ма? Осының барлығы ұлттық тілдерінің ықпалы. Мемлекеттік тілдерінің үстемдігі қоғамда басым күшке ие болып тұрған елдер әлемде аз емес. Бүгінгі таңда мемлекеттік тіліміздің дәрежесін көтеру ең алдымен қазақтардың өзіне байланысты болып тұрғанын айтуымыз керек. «Қазақтардың барлығы бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесетін күнге қашан жетеміз?» деген сауал тіл жанашырларын әрдайым мазалап келеді. Бірақ бар қазақтың ұлттық, тарихи сана-сезімі қалыптасқанша, туған тілдерін қадірлеп, қастерлегенше, өздері түсініп, өздері сөйлеп, ұрпақтарына үйреткенше ұзақ уақыт керек екені түсінікті. Түйін сөзімізді аналарға қарата айтар болсақ, иә, құрметті де ардақты аналар, қазақ тілінің аясын кеңейтуге, ең алдымен, сіздер ықпал етесіздер. Бұған «Тіл туралы заң» да, бағдарлама да дәл өздеріңіздей үлес қоса алмайды. Жазушы ағамыз Смағұл Елубайдың «Тіл заңы отыз жыл бойы түк бітірмеді» дегені айна-қатесіз шындық. Біз енді бұл мәселеге басқа тұрғыдан келуіміз қажет. Шыны керек, заңдарымыз пәрменді болмай тұр. Оның уақыт, заман талабына сай жетілдіретін тұстары баршылық. Бұл жайында БАҚ беттерінде аз жазылып жүрген жоқ. Бірақ тіл тағдырын тек заңдарға ғана тапсырып қойған дұрыс емес. Ұлт ретінде өзіміз көбірек әрекет етуіміз керек. Сондықтан көп мәселе аналарымыздың қолында. Отбасындағы тілдік ахуалды қазақ тілінің негізінде қалыптастыруға мән беріп, ұл-қыздарымен тек қазақша сөйлесуге талпынса дейсің. Қазақша үйрене алмайтын қазақ болмайды. Тектік тұрғыдан ол бар қазақтың бойында бар. Олай болса, қазақша білмейтін ата-ана балаларына өздері үлгі болуға күш салуы керек. Әйтпесе, кейбір ата-аналар баласын қазақ мектебіне бергенін ғана қанағат тұтып, өздері үйлерінде орысша сөйлесулерін жалғастыра берсе, тілге деген мұндай көзқарастан қаншалықты нәтиже шықпақ? Тәуелсіз ел ретінде біздің тілге деген жауапкершілігіміз бұрынғы тарихи кезеңдермен салыстырғанда бүгінгі таңда екі-үш есе жоғары болуы керек. Заманын­да мұндай мүмкіндік жоқ еді. Бірақ, соған қарамастан, өз балаларының қазақ тілін ұмытпауына күш салған намысты да текті аналардың арқасында тіліміз сақталып қалғаны шындық. Өйткені олар ұлтының, ұрпағының келешегін ойлады. Ұлағатты аналар жолын жалғастыратын бүгінгі аналардың қатары көп болса, тіліміздің келешегіне алаңдамауға болар еді.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.