ТӨРТЖЫЛДЫҚТЫҢ БАСТЫ СПОРТТЫҚ БӘСЕКЕСІ БАСТАЛДЫ

0

26 шілде XXXIII Париж Олимпиадасы жалауын көтерді. Француздар Олимпиаданың ашылу салтанатының өзін ерекше етіп жоспарлаған екен.  Олимпиялық ойындардың ашылу салтанатында әлем спортшыларының шеруі болып, спортшылар Парижді қақ жарып өтетін Сена өзенінің бойымен жүріп өтті.

26 шілде мен 12 тамыз аралығында Парижде өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан 25 спорт түрінен 80 спортшы бақ сынамақ. Бокстан ұлттық құраманың капитаны, 2023 жылы әлем чемпионы болған Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың мүшесі, 2014-2018 жылдар аралығында Азия ойындарының чемпионы әрі жүлдегері Ольга Сафронова Олимпиаданың ашылу шеруінде Ту ұстап өтті. Жазғы Париж олимпиадасында еліміздің намысын қорғайтын спортшыларымызды атап айтар болсақ, Нариман Курбанов (спорттық гимнастика), Әсем Орынбай (стенд ату), Данил Мұсабаев (батуттағы гимнастика), Андрей Чугай (тректегі велоспорт), Дмитрий Панарин (бадминтон), Ирина Юнусметова (нысана көздеу), тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы және семсерлесуден Қазақстан құрамасы әлем кубогі кезеңдері мен әлемдік рейтинг нәтижесі бойынша Олимпиада жолдамасын қоржынға салды. Дзюдодан арнайы түзілетін олимпиадалық рейтинг қорытындысы бойынша Абиба Әбужақынова, Эсмигул Куюлова, Камила Берліқаш, Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан жолдамаға иелік етті. Лицензиялық Азия чемпионаттары мен құрлықтық іріктеу турнирлерінде топ жарып, Олимпиадаға квота алған атлеттеріміз де баршылық. Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Эльжана Таниева Ташкентте өткен лицензиялық Азия біріншілігіндегі жалғыз әрі соңғы лицензияны еншіледі. Одан бөлек, Эдуард Ещенко (стенд ату), Мария Дмитриенко (стенд ату), Никита Чирюкин, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле (нысана көздеу), Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев, Әлімхан Сыздықов (грек-рим күресі), Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев (еркін күрес), байдарка мен каноэде есуден Қазақстан командасы, садақ атудан Қазақстан командасы құрлықтық чемпионат пен құрлықтық іріктеу сынында Парижге апарар билетті қалтаға басты.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Италияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде алты жолдама жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай әлемдік турнирде тайсалған жоқ. Ал, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы командадағы ең соңғы лицензияны Таиландтағы құрлықтық іріктеуде иеленді. Спорттық құзға өрмелеу мен брейкингтен іріктеу турнирлері ерекше форматта өткізілді. Спортшылар екі кезеңнен тұратын іріктеу сынына қатысып, спорттық құзға өрмелеуден Әмір Маймұратов, брейкингтен Амир Закиров Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін алды. Жалпы, жазғы Олимпиада ойындарына 5 жамбылдық спортшы лицензия жеңіп алды. Олардың қатарында, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов, бокстан Әлем, Азия чемпионы Асланбек Шымбергенов, еркін күрестен Әлем чемпионатының жүлдегері, Азия чемпионы Әлішер Ерғали, дзюдодан Азия чемпионы Данияр Шамшаев, бессайыс спорт түрінен Азия чемпионы Георгий Борода-Дудочкин бар. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын барша спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.