Әлжан ана ауылында, сиыр фермасының жылы жүрегінде 28 жыл қызмет атқарып, 53 жыл бірге өмір сүрген ҚҰРМАНБЕК АТАЛЫҚҰЛЫ және СВЕТЛАНА МОЛДАРАХЫМҚЫЗЫ ЖҮНІСБАЕВТАР отбасының тарихы – адамгершілік пен ізгілікке толы ғасырлардың баяны. Жарты ғасырдан астам уақытты бірге өткізіп, ауылдың берекесін келтірген, сыйластық пен махаббаттың символына айналған жандар. Екеуі де 70-тің желкенін кергенімен қартайғанын білдірмейді, қайта олардың жүздерінен даналық пен өмірге деген құштарлықты көруге болады.
Құрманбек ата өмірлік жары Света апамен бірге үлкен әулеттің негізін қалады. Света апаның тегі де ерекше: әкесі қазақ, анасы орыс болғандықтан, екі мәдениеттің де жақсы жақтарын бойына сіңірген. Ол кісі ауылдағы мал фермасында мал дәрігері және лаборант болып ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Құрманбек ата да осы фермада малшы болып еңбек еткен.
Отау құрғаннан кейін, олар 3 қыз бен 2 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Өкінішке орай, 2017 жылы бір ұлдары жол апатынан дүниеден озып, отбасы үшін ауыр қаза болды. Марқұмның жары 4 баласымен қазір Қордай ауылында тұрады. Құрманбек ата мен Света апа немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отыр. 16 немере мен 4 шөбере – олардың өмірінің мәні, қуанышы мен шаттығы. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қазіргі таңда Жүнісбаевтар бақытты ата мен әже болып отыр.
«Бала кезімізде әкем бізге өте қатал, өңі суық болып көрінетін. Алайда, уақыт өте келе біз әкеміздің қаталдығының астында бізге деген шексіз махаббаты мен мейірімі жатқанын түсініп отырмыз. Анамыз бізге мейірімін төгіп, тазалыққа үйреткен болатын. Әкеміз бен анамыз бізге қамқорлығын көрсетіп, ешкімді бөлмей, барлығымызға бірдей қарап өсірді. Әкем өте еңбекқор, жасы 76-ға келіп қалса да, жұмыссыз отыра алмайды. Біз бәріміз олардан үлгі аламыз, мақтан тұтамыз және оларға деген алғысымыз шексіз», — деп, әкесі мен анасы жайлы екінші қыздары Айгүл айтып берді.
Үлкен отбасы еңбегі мен бірлігінің арқасында, жалпы қуаныш пен бақыттың үлгісін көрсетеді. Үш қыздары да тұрмыста, өздері мен балалары үшін жақсы жағдайлар жасап, өмірдің қиыншылықтарын жеңіп өтуде. Балалардың бәрі білім алған, білікті мамандар.
Құрманбек ата мен Света апа – қарапайым еңбекпен, адал махаббатпен және үлкен жүрекпен өмір сүрудің үлгісі. Олардың өмірі – жастарға өнеге, үлкендерге құрмет. Осындай жандардың арқасында ауылдың берекесі артып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді.
«Біз жұбайым екеуіміз балаларымызға, қазір немерелерімізге де нағыз махаббат пен сыйластықтың үлгісі болуға тырыстық. Оларға үнемі отбасылық құндылықтар жайлы айтып беріп отырамыз, өсиет ретінде адал, еңбекқор, еш жұмыстан қорықпайтын, бір-біріне қамқор, сүйеніш болатын, еш адамға жамандық жасамайтын адамдар болыңдар деп айтудан шаршамаймыз, оны іспен де көрсетеміз», — деді кейіпкерлеріміз әңгіме соңында.
Құрманбек Аталықұлы мен Светлана Молдарахымқызы – 53 жыл бойы бір-бірінің жанында жүріп, өмірдің барлық қиыншылықтарын еңсеріп, бақытты отбасын құрған жандар. Олар Әлжан ана ауылында тұрып, өздерінің маңдай терімен адал еңбек етіп, өмірін осындай жақсылықпен өткізді.
Олардың отбасылық бақыты – асыл ұрпаққа үлгі, қазақ жерінің еңбексүйгіштігі мен бірлігінің айқын көрінісі. Олардың өмір жолы – баршаға үлгі, бүкіл жақсылық пен ізгіліктің бірлігі. Олардың отбасылық бақыты мен ұзақ өмір сүрулеріне тілектеспіз!
Мадина УЗБЕКОВА