ТАҒДЫРДЫ ТАЛАНТЫМЕН ЖЕҢГЕН

0

Қордай аудандық кітапханасының «COWORKING» орталғында «Жүректерді біріктірген мейірім» рухани-танымдық кездесу кеші өтті. Қоғамда өмірге деген құштарлығымен, қайсар мінезімен өзгелерге үлгі болып жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – тағдыр сынына мойымай, өнерімен өрге жүзген Тәжібаев Ерхат Сейфуллинұлы.

1996 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданында дүниеге келген Ерхаттың өмір жолы өзгелерден өзгеше басталды. Туа біткен көру қабілетінің шектеулігіне қарамастан, ол ешқашан жігерін жасытып көрген емес. Керісінше, жүрек қалауына адал болып, өнерді серік етті. 2005 жылы Н.Островский атындағы көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың табалдырығын аттады. 2017 жылы осы білім ордасын сәтті аяқтап, Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің «Дәстүрлі ән» бөліміне оқуға түседі.

Өнерге деген сүйіспеншілік оны үлкен белестерге жетеледі. Ұлттық ән өнерін терең меңгеріп, халық әндерін нақышына келтіре орындайтын жас талант аз уақыт ішінде көпшіліктің ықыласына бөленді. Домбыра үнімен үндескен қоңыр дауысы тыңдарман жүрегінен жол тапты.

2021 жылы Ерхат туған жеріне оралып, өзі білім алған Жамбыл атындағы №26 орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызметке кірісті. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйіндегі «Ойжайлау» фольклорлық ансамблінің белсенді мүшесі ретінде өнер көрсетіп келеді. Білім мен өнерді қатар ұштастырған ол жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрлі әннің қадір-қасиетін түсіндіруде.

Ерхат Сейфуллинұлы – тек өнер иесі ғана емес, үлкен жүректі ұстаз. Ол оқушыларына өнердің тек әуен емес, рухани тәрбие құралы екенін ұғындырып келеді. Қандай қиындық болмасын, еңбек пен табандылықтың арқасында алынбайтын асу жоқ екенін өз өмірімен дәлелдеп отыр.

Тағдырдың талайын көрсе де, рухы биік жанның өмір жолы – бүгінгі жастарға үлгі. Оның өнерге адалдығы, туған жерге қызмет етудегі жауапкершілігі – шынайы патриотизмнің көрінісі.

Осындай жандар барда ұлттық өнердің туы әрдайым биікте желбірей бермек.

А.МАХАМБЕТОВА, Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.