ТАБАНДЫЛЫҚ ТАБЫСҚА ЖЕТКІЗЕДІ

0

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы», деген сөз бар. Осы сөзге лайықты болуға тырысып,  шәкірт тәрбиелеу ісінде ерен еңбегімен көзге түскен ұлағатты ұстаздардың бірі – Айгүл Омарқұлова.

Айгүл Ақмантайқызы 1961 жылы Қордай ауылында дүниеге келген. Абай атындағы орта мектепте оқыды. 1976 жылы Алматыдағы Шет тілдер институтына оқуға түсті. Ол оқуын пойыз жолсерігі ретіндегі жұмысымен ұштастыра білді. 1981 жылы университетті бітіріп, Благовещенка ауылына тәжірибеден өтуге келеді. Осыдан қырық үш жыл бұрын мектепке ұстаз ретінде алғаш рет келген сәті оның әлі есінде. Жас ағылшын тілі мұғалімі таңдаған жұмысына үлкен құлшыныспен кіріседі.

Уақыт өте келе ұстаздық қызмет оның өмірінің мәніне айналды. Айгүл Ақмантайқызы сабақтарында оқушыларға тек грамматиканы үйретіп, жаңа сөздерді жаттатумен ғана шектелмей, сонымен қатар түрлі фильмдер, музыка және әдебиеттер арқылы балаларды ағылшын тілі әлеміне енгізуге тырысатын.  Өндірістік тәжірибесі аяқталып, жергілікті орта мектепте жұмыс істей бастады. Жұмысына деген таудай талабының, талпысының және қарапайым адами қасиеттерінің арқасында тез арада әріптестері мен оқушыларының құрметіне ие бола білді. Ал 1982 жылы ол өзінің жан серігін кездестіріп, тұрмысқа шықты. Үш сүйкімді баланың анасы атанды: бір ұл және екі қыз. Бірақ оның мансап жолы оңай бола қойған жоқ. Уақыт өте келе көптеген қиындықтарға да тап болды. Дегенмен, қызметінің маңыздылығын жете түсінген ұстаз табандылық пен сенімнің арқасында кедергілерді жеңіп шығады. Ол кез-келген жаңашылдыққа бейімделуді, оқыту әдістерін жетілдіруді және оқушыларға көбірек көңіл бөлуді өзіне мақсат етті.

1988 жылы Айгүл Ақмантайқызы Қордай ауылына көшіп келіп, №2 М.В.Ломоносов атындағы орта мектепке ауысты. Директор Сергей Трофимович Иванниковтың жетекшілігімен жұмыс істеді, бір жылдан кейін оған оқу ісінің меңгерушісі лауазымын ұсынды. Айгүл Омарқұлова мұндай жауапты қызмет және  ағылшын тілі мұғалімінің жұмысын тамаша үйлестіре білді. Өзін толығымен шәкірттеріне арнады, соның арқасында оған үлкен алғыс білдіретін түлектері жетерлік. Олардың кейбірі бүгінде шетелде жұмыс істейді. 2011 жылы Айгүл Ақмантайқызы №51 мектепке ауысты. Осы мектепте жұмыс істей жүріп, Тараз қаласында біліктілікті арттыру курстарынан өткен.

Қырық жылғы ұстаздық тек қуаныш пен табыс емес. Бұл апатиямен күрес, оқушылардың мінез-құлқындағы қиындықтар және оқу жүйесіндегі өзгерістер. Әйтсе де ол қиындықтардан мойымады. Оның педагогикалық ерлігінің жемісі – бүгінде жақсы жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген шәкірттердің алғысы.

Айгүл Омарқұлова табиғатынан жомарт, мейірімді, жанашыр жан. Ұстаздық ол үшін – жай кәсіп емес, бұл – бойына сіңген қасиет. Нағыз педагог болашақ ұрпақты қалыптастыруға көптеген күш жұмсап, шәкірттерін ағылшын тілін үйренуге баулып, оларға шексіз мүмкіндіктер ашты. Бүгінде зейнет демалысына шығып, бейнетінің зейнетін көріп жатқан Айгүл Ақмантайқызына зор денсаулық, ең жақын, аяулы жақындарының ортасында ұзақ та бақытты ғұмыр кешуін тілейміз.

Мадина Узбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.