Әшекей бұйым жасау – ұқыптылық пен шыдамды, талғам мен тиянақтылықты талап ететін нәзік өнер. Көпшілік мұндай істі әйел затына тән деп қабылдайды. Алайда шынайы шеберлік жынысқа қарамайды. Қордай ауданының тұрғыны Шамиль Чалабов – соның айқын дәлелі. Табиғи тастарды сөйлетіп, әр түйірін үйлесіммен тізіп, жанға жылу сыйлайтын бұйым жасайтын шебердің қолтаңбасы бүгінде көпшілікке танымал.
Шамиль Рашидович табиғи тастардан тәспі, этностильдегі сотуар, сырға, білезік, інжу-маржаннан алқа жасайды. Бұл кәсіпке бет бұрғанына екі жылдай уақыт болған. Алғашқы жасаған дүниесі – үзіліп қалған тәспі. Бір танысының шашылып кеткен тәспісін жөндеп беру арқылы өз бойындағы икемді байқайды. Тастарды қалай үйлестірсем әдемі көрінеді, шашақ жібін қалай жалғасам жинақы шығады деп ұзақ ойланып, әр тастың ретін қайта-қайта түзеп шыққан. Сол сәттен бастап бұл іске шын қызығушылық ояныпты.
«Негізі бұрыннан қолөнерге, зергерлік жұмысқа қызығатынмын. Мұндай жұмыс жанды тыныштандырады. Асықпай, ойланып отырып жасайсың. Әр тастың түсі мен мінезі бар. Соның бәрін сезіну керек», — дейді шебер.
Шамиль мырза мен жұбайы Қуаныш ханымның өмірінде бұл кәсіп аяқ астынан пайда бола салмаған. Бір кезеңде екеуінің Бурабайда сауда жасайтын нүктесі болған. Туристер жиі келетін өңірде олар үш айдай жұмыс істеп, тәспі, моншақ сатып, үзіліп қалған бұйымдарды жөндеумен айналысқан. Сол жерде шеберлікке деген сенім нығая түскен. Кейін Қордайға қайтып келген соң, осы істі жүйелі түрде жалғастыруға бел буады. Алғашында таныс-жақындарына айтып, шағын ортада жарнама жасаған. Біртіндеп тапсырыс көбейе бастаған.
Бүгінде Қуаныш ханымның Қордай ауылының орталығындағы әйелдер киімі дүкенінде Шамиль мырзаның бұйымдарына арнайы орын бар. Сонымен қатар онлайн тапсырыстар да қабылданады. Әсіресе үлкен кісілердің үзіліп қалған моншағы мен тәспісін жөндетуге сұраныс жиі түседі. Алтын жалатылған алқалар мен інжу-маржан тізбектерін де қайта қалпына келтіреді.
Шебер агат, аметист, малахит, яшма, інжу секілді табиғи тастарды қолданады. Әр тасты өзі таңдап, сапасына мұқият қарайды. Жасанды материалға жол бермейді.
Бір бұйымды дайындауға жарты күннен бір тәулікке дейін уақыт кетеді. Мәселен, білезік пен тәспіні жарты күнде аяқтауға болады. Ал этностильдегі сотуардың ұсақ бөлшектері көп, ою-өрнегі күрделі болғандықтан оған кемінде бір күн жұмсалады. Қолөнерші шабытты қазақы, түркілік ою-өрнектерден алады. Ұлттық нақышты ерекше ұнатады екен. Әшекейдің әр бөлшегінде қазақы өрнектің ізі байқалып тұрады.
Айта кету керек, Шамиль Рашидович – түрік ұлтынан. Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумасы. Қазақы ортада өсіп-өнген соң қазақ тілінде еркін сөйлейді. Бұрын мүлде басқа салада еңбек еткен екен. Жүргізуші әрі жеке күзет қызметкері болған. Бірнеше жыл бұрын Қордайға қоныс аударып, отбасын құрып, жаңа өмір бастаған.
«Қолөнерге бет бұруыма да сол жаңа орта, жаңа адамдар, жағымды эмоциялар әсер еткен шығар. Бұрын мұндай іспен айналысамын деп ойламадым», — дейді ол. Әкесі қырық жылдан бері етікшілікпен айналысып келе жатқан, елге сыйлы шебер. Бәлкім, қолөнерге деген бейімділік әкеден дарыған қасиет болар.
Шамиль мырза мен Қуаныш ханым – екі қыздың ата-анасы. Интернационал отбасындағы ең басты құндылық – сыйластық пен түсіністік. Жұбайы Қуаныш ханым жары туралы жылы пікірде:
«Өте сабырлы адам. Айтарын байыппен жеткізеді. Ештеңеге ашуланбайды. Мұндай жұмысты істеу үшін де ерекше мінез керек. Сырт көзге оңай көрінгенмен, бұл – көздің майын, көп еңбекті талап ететін іс. Әр адамның көңілінен шығу – үлкен жауапкершілік», — дейді.
Оның айтуынша, Шамиль рухани дамуға ден қойған, бес уақыт намазын қаза етпейді. Балаларына мейірімді, отбасына қамқор жан. Қазір ерлі-зайыптылар дүкен бағытын этностильге бейімдеуді жоспарлап отыр. Қазақы кеудешелер, көйлектер, әйелдердің камзолдары, ерлердің шапандары әкелінуде. Соған үйлесетін сырға, білезік, сотуарлар көбірек дайындалып жатыр.
«Соңғы жылдары ұлттық нақышқа деген сұраныс артып келеді. Той-томалақта, мектеп іс-шараларында, мекемелерде, әсіресе Наурыз мейрамында ұлттық киім мен әшекей кеңінен қолданысқа енді. Ал қазақы ою-өрнекпен безендірілген табиғи тас әшекей кез келген арудың ажарын айшықтай түсетіні анық. Сондықтан осындай шешімге келіп отырмыз», — дейді кейіпкеріміз.
Сәуле СҰЛТАНБЕК