Табыстың көзі – тынымсыз еңбекте

0

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Егемендік жылдары елеулі еңбегімен талай белестерді бағындырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосқан қордайлықтардың жасампаздық жолына бәрекелді айту жөн болар. Газетіміздің әр санында толағай табыстарға жетіп, бүгінде алдарына үлкен мақсаттар қойып отырған жандар турасында сөз етіп келеміз. Бүгін де сол тақырыпты тарқатуды жөн көрдік.
Егемендік алған жылдары шаруа қожалықтары өздерін экономика саласының ең мықты секторы екенін көрсете білді. Әрине, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек шаруаның материалдық-техникалық базасын нығайтып, жұмысқа қажетті ауылшаруашылық техника, егін, мал, бақ шаруашылықтарын жүргізу үшін құрал-жабдық алу мүмкіндігін берді.
Бүгінде аяғына нық тұрып, жақсы жетістігімен көзге түсіп жүрген Қайнар ауылындағы «Азиз» шаруа қожалығы жайында айта кетсек.
1996 жылы ауылшаруашылық кәсіпорын құрылған кезде оның директоры Ибрагим Варшакидзе алдына нақты мақсат қойып, мал басын көбейтіп, оған азық болатын дақылдар мен көкөніс өсіруді қолға алған. Жұмысын бір трактормен бастаған шаруа қожалығының иелігінде бүгін 3000 гектар жер бар, оның 1000 гектары суармалы болса, қалған 2000 гектары тәлім жерлер мен жайылымдар.
— Кәсіпкерлікке отбасымды асырау, өссем, өнсем деп келдім. Осылайша 1996 жылы «Азиз» шаруа қожалығын тіркедік, — дейді директор.
Содан бері шаруашылық аяғына нық тұрып, мемлекеттік қолдаудың арқасында лизингке техника, фермердің еңбегін жеңілдететін ауылшаруашылық, жүк және жеңіл көліктерін сатып алады.
Бүгінгі күнге шаруашылық жаңа «Джон Дир» комбайнын, бірнеше «МТЗ», екі К-700, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жылдық мөлшерлемесі 17%-бен үш «Есиль» комбайнын алып, материалдық-техникалық базасын нығайтып алған. Сонымен бірге шаруашылықтың өз астық қоймасы, ауылшаруашылық техника мен құрал-жабдық үшін асфальт төселген ыңғайлы аумағы бар.
Қызметін әртараптандырған «Азиз» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолға алып, ауылшаруашылық дақылдарды өсірумен айналысып, әлеуметтік маңызды, көп салалы, табысты ауылшаруашылық өнімін өндіруші мәртебесіне ие болды.
«Азиз» шаруа қожалығының негізгі қызметі егін шаруашылығы мен мал шаруашылығына бағытталған. Былтыр бір гектардан 15 центнер астық, 80 центнер жүгері алынып, 20 гектар жерге құлпынай өсірілген. Ал, биылғы жылы орын алған қуаңшылық диқандардың еңбегіне кері әсерін тигізіп, дәнді дақылдар егістігіне зияны тиді. Дегенмен, шаруалар туындаған қиындықтарды жеңіп шықты.
Шаруашылық өсірген бақша дақылдары оның ерекше мақтанышы болып табылады. Биыл бақша дақылдары 10 гектарға егіліп, өнімділік 1 гектардан 25 тоннаны құрады. Жиналған өнімнің басым бөлігі аудан нарығына шығарылып, қалғаны басқа өңірлерге жолданады. Бүгін де шаруашылық бақша дақылдарын өсірушілердің алдыңғы қатарында.
Сонымен бірге қазіргі таңда 30 гектар жерден пияз жинау жұмыстары қарқын алған. Шаруашылық жұмысшылары қолайлы ауа райын барынша пайдаланып, өнім жинауға білек сыбана кірісіп кеткен.
— Мемлекеттің қолдауынсыз мол өнімге қол жеткізу мүмкін емес, — дейді Ибрагим Варшакидзе. – Сондықтан, әртүрлі дақылдарды өсіргеніміз үшін субсидия аламыз, сонымен бірге арзандатылған дизель беріліп, басқа да көмек көрсетіледі.
Тағы бір назар аударатын дақылдардың бірі – жүгері. Биыл жүгері 250 гектар жерге егіліп, алынған өнімнен құрама жем және сүрлем өндіріледі. Шаруашылық өзін-өзі бұл дақылмен толық қамтамасыз еткен.
Су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында шаруа қожалығының басшысы су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша түбегейлі шешім қабылдаған. Жүгері мен пияз алқаптарында қазір тамшылатып суару әдісі пайдаланылады.
Алқаптарды мелиорациялық жақсарту, коллекторлық-кәріздік жүйені тазалау, тамшылатып суару әдісін енгізу сынды тәсілдерді қолдану арқылы шаруа қожалығы егін шаруашылығында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
— Тамшылатып суару әдісін қолдану дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Нәтижесінде жүгері жақсы өсіп, суғарумен байланысты қиындықтар туындамайды, жабайы шөп жоқ, өсімдіктерге дәрумендер мен қоректік заттар қажетті мөлшерде жеткізіледі. Біз жоғары көрсеткіштерге қол жеткіздік. Осының арқасында су он есе үнемделеді, — дейді шаруалар.
Ал, қожалықтың мал шарушалығы туралы айтар болсақ, бүгінде сүтті-тауарлы фермада Алатау тұқымдас 150 сауын сиыр бар. Былтыр «Raimbek Agro» ЖШС сүт зауытына 100 тонна сүт жіберілген.
Шаруа қожалығы малдың өнімділігін арттыру, табынды жаңарту, азықтық базаны жақсарту, малды ұстаудың заманауи технологияларын енгізу, мал ұстайтын жаңа қора салу, ескі қораларды жаңарту, мемлекеттік көмек арқылы сүт өндірісіндегі оң нәтижеге қол жеткізуде.
Сонымен қатар, гиссар және қазақтың қылшық жүнді қойын өсіруді қолға алған шаруа қожалығында жыл сайын төлдейтін 4 мың аналық бас бар.
Фермердің айтуынша, қой шаруашылығы пайдалы іс, себебі мемлекет тарапынан бұл саланы субсидиялау қарастырылған. Мемлекеттік субсидиялар азыққа, екпелерге, малды ұстауға кеткен шығындарды өтеуге жарайды.
Шаруалар үшін асыл тұқымды малды сатып алуға, қойлардың аналық басын көбейтуге субсидиялар қарастырылған.
— Қой шаруашылығы табысты іс екеніне көзім жетті, қойдың еті, сүті, майы азық болса, жүн-терісі киім-кешек болады. Еті дәмді, сүті құнарлы. Сүтінен май мен ірімшік, жүнінен жылы маталар жасалып, терісінен тондар тігіледі, — дейді Ибрагим Варшакидзе.
Мал басының көп болуы, азықтық базаның мол болуы және жайылымдардың бар болуына байланысты «Азиз» ШҚ еттің экспорттық әлеуетін арттыру және мал шаруашылығын дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаға қатысады. Шаруашылықтың бордақылау алаңында қазіргі таңда қазақтың ақбас және алатау тұқымдарының 300 басы тұр. Мұнда мал жыл бойы бордақыланады. Былтыр шаруашылық 50 тонна ет өткізген.
Күн суыған сайын шаруашылық қызметкерлерінің жұмысы көбейеді. Мал басын сақтаумен қатар, көктемде мал басының көбеюі үшін жағдай жасау қажет. Сонымен бірге азық қорының жеткілікті болғаны маңызды.
Биыл қыстан шығынсыз шығу үшін шаруашылық 250 тонна шөп, 1000 тонна пішендеме, 800 тонна сүрлем жинаған.
Бүгінгі күнге күздік жұмыстарына аса назар аударылуда. Биыл күздік бидайға 600 гектар жер бөлінген. И.Варшакидзе ауыл шаруашылығында дәнді дақылдарды өсіру арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады деп санайды. Бастысы –жеткілікті мөлшерде су мен ауа райы қолайлы болу керек.
Фермер алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Олардың қатарында көкөніс сақтайтын қойма салу және К-700 тракторын сатып алу.
— Неге фермер болуды ұйғардым?, — дейді Ибрагим Варшакидзе. – Біріншіден, еңбегімді адамдар үшін пайдалы деп білемін. Екіншіден, халық сапалы өнім тұтынғысы келеді. Үшіншіден, ата-анамнан еңбектің қадірін біліп өстім, сол үшін оларға алғысым шексіз.
Ибрагим Варшакидзе мектепте, кейін жоғары оқу орнында оқып жүріп, әкесіне үнемі көмектесіп, ауылшаруашылық техникасымен жұмыс істеуді үйренген. Кейін фермерлік іспен айналысуға бел буған.
Бала күнінен ата-анасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан адам ғана бұл бизнестің қандай екенін түсініп, табысқа жете алады. Бұл агробизнестегі ең басты шарт. Ал аграрлық білім бар болса, ол табыстың кепілдігі болып табылады.
Ибрагим Варшакидзенің ауылшаруашылық кәсіпорны заманауи фермер қандай болу керектігін көрсетеді. Ол білімді, жақсы ұйымдастырушы, агроном, экономист, ауыл шаруашылығын жетік білетін, ең бастысы туған жерін жақсы көріп, онымен жұмыс істей алатын адам болу керек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.