ТАБЫСТЫ ТАКСИДЕН ТАПҚАН

0

Қай іс сізге сай келетінін қалай анықтауға болады? Тек әйелдерге арналған жұмыстардың критерийлері бар ма? Әлбетте жоқ. Барлығы кездейсоқ. Дегенмен, қоғамның бұл тұрғыда өз пікірі бар. Енді мойындаңыз, такси шақыртқанда әйел жүргізуші келгенде қандай сезімде боласыз? Бұл жайлы ойладыңыз ба? Жағдайға көлік жүргізуші ханымның көзімен қарауды ұсынамын.

Ольга Сергеевна Лузгина такси жүргізушісі болуды армандаған жоқ, жағдай осыған алып келді. Күйеуі қатты науқастанып қалғанда оның өмірінде үлкен бетбұрыс болды. Қарапайым орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің жалақысы отбасын асырауға жетпеді. Содан кейін ол тәуекелге бел буып, мамандығын өзгертті. Бизнес, сауда, нарық – бұл сөздер оның сөздік қорына ұзақ уақытқа және берік енген. Бұл қиын жолдың басы еді. Ольга Сергеевна жұмыстан қорықпайтын. Тіпті, велосипедпен көрші Қырғызстаннан тауар тасыған кездері болған. Бір қызығы, ол өмірінің осы кезеңін ең жарқын кез болды деп санайды.

Қордайлықтардың көпшілігі дерлік Ольга Сергеевнаны таниды. Оның ашық түсті «Маздасын» байқамау мүмкін емес. Бұл шағын көлік көптен бері Қордай көшелерінің ажырамас бөлігіне айналған.

Айтпақшы, көлікті ұлы өз қолымен құрастырған. Ольга Сергеевнаның өзі металл сынықтары ретінде есептен шығарылған темір тұлпардың бір күні асыраушысына айналатынына сенбеген. Техникаға әуес болып өскен ұлы шеберлігінің арқасында керемет көлік жасап шығарды. Енді бұл сенімді көлік.

Жүргізуші әйел кез-келген ауа-райында кезекшілікке шығады.

-Жағымды музыка, таза интерьер және менің көңіл-күйім – осылайша, мен өзіме жайлы жағдай жасаймын. Алғаш рет рульге 10 жасымда отырдым. Әкем өмірге пайдасы тиер деп, бар байыптылықпен көлік жүргізуді үйретті. Менің көлік жүргізушісі болатынымды сол кезде-ақ білгендей… Ал бизнес жүрмей қалған кезде, көлік мені үмітсіздіктен құтқарды. Алғашында тапсырыстар қабылдағанда өзімді жайсыз сезінетінмін. Маған клиенттер әйел жүргізушімен жүруден  бас тартатын сияқты көрінетін. Қазір бәрі басқаша, тіпті өзімнің тұрақты жолаушыларым бар. Бүгін бір әже менімен жүргенді ұнататынын мойындады, — дейді автоледи күлімсіреп.

Бүгінде әйелдердің көлік жүргізуіне ешкім таңырқай қарамайды. Көлік ханымдар үшін қазір бір сәнді дүние емес,  өмірлік қажеттілікке айналды. Рас, әлі де темір тұлпарды басқарғанда әйелдер әлсіздеу келеді деген қате пікір де бар. Ольга Сергеевна өзінің тәжірибесімен және білімімен бұл жаңсақ пікірді баяғыда жоққа шығарды. Оның өзіндік көлік жүргізу стилі бар, сырттан қарағанда асықпайтын сияқты, бірақ жолаушыны керек жеріне уақытылы жеткізу – оның басты ұстанымы.

65 жастағы әйел кез-келген күрделі тапсырыстарды қабылдайды және өз клиенттерінің көңілін қалдырмауға тырысады.

Бір кездері оның жолаушысы болған қордайлықтар оның ыңғайлы таксиінде сапар шеккендері туралы айтып жүреді.

-Ең бастысы – жолаушыны жақсы әңгіме айтып, жылы шыраймен қабылдау керек. Олардың жүріс-тұрысынан, көзқарасынан жолаушының сөйлескісі келе ме, әлде үнсіздікті қалай ма, анық байқалып та тұрады. Көбінесе жылы жүзді адамдарды кездестіремін, кейде әңгіме қызып кететіні сонша, бір-бірімізге сырымызды айта аламыз, — дейді кейіпкеріміз.

Ольга Лузгина – жүрегі жұмсақ әйел, оның ұраны: үш жақсылық жасамасаң, күнің бос өтті деген сөз. Әр  таңы жақсылық жасауға ұмтылудан басталады. Жолда көмекке мұқтаж адамды кездестірсе, ол  ешқашан жай ғана өтіп кете алмайды. Кейде «жағымсыз жағдайларға» тап болғанына қарамастан, ол барлық нәрсенің оң жағын көруді қалайды. Оның мінезі сондай.

— Әртүрлі жағдайлар болады, бәріміз адамбыз ғой. Бұл тақырып менің кәсіби сырым болып қала берсін, – дейді Ольга Сергеевна ыңғайсыз оқиғаларды айтқысы келмей.

Ол одан да жағымды сәттер мен күлкілі оқиғалармен бөліскенді қалайды.

Әйел такси жүргізушісі қаншалықты қорғалған және ол өзін қалай қорғай алады? Жауап іздеп, ауданымызда тіркелген бірнеше такси қызметінің өкілдеріне хабарластық. Белгілі болғандай, олардың барлығында дерлік әйел жүргізушілер бар. Диспетчерлердің айтуынша, олармен байланыс орнату оңайырақ және олардың жауапкершілігі жоғары. Такси қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай шаруа емес, және де бұл жүргізушінің ер немесе әйел болуына байланысты емес. Кейбір қызметтер «sos» түймесі бар рацияларды қолданады, басқалары навигатор арқылы көлікті бақылайды.

Ольга Сергеевнаның өзі көптеген жылдар бойы бұл тақырыпқа философиялық көзқараспен қарап келеді.

-Дүниеде жаманнан гөрі жақсы адамдар көп, — деп әңгімемізді түйіндеді әйел.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.