Айдана Нурмағанбетова – Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы, сымбатты келбеті мен ішкі жан дүниесі үндескен, арманшыл да қайсар бойжеткен. Балалық шағынан спортқа әуес болған Айдана алғашында жеңіл атлетикамен айналысса, 2024 жылдың көктемінде таеквандоға бет бұрды. Қысқа мерзім ішінде бұл спорт түрінен зор жетістіктерге қол жеткізіп, бағындырған белестерімен көпшілікті тәнті етті.
Айдана 2024 жылдың қараша айында Бішкек қаласында өткен ашық турнирде қола жүлдегер атанды. Араға бір ай салып, желтоқсанда өткен тағы бір халықаралық деңгейдегі сайыста да дәл сол нәтижесін қайталап, табандылығын тағы бір дәлелдеді. Ал 2025 жылдың сәуір айында Бішкекте өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, 1-орынға ие болды. Осы турнирде ол чемпиондық кубокты иеленіп қана қоймай, қызыл белбеуге де қол жеткізді.
Сырт көзге көркем, сыпайы, инабатты бойжеткеннің бойындағы мықты мінез бен спортқа деген шынайы ынта – оның болашағының жарқын боларына сендіреді. Айдана мектеп бітірген соң, спорттық жолын жалғастырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің дене шынықтыру факультетіне түсуді жоспарлап отыр. Болашақта өзі секілді дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, үлкен спорт әлеміне жол ашқысы келеді.
Әрине, Айдананың бұл жетістіктеріне қол жеткізуіне тәлімгері, білікті жаттықтырушы Чынара Жұмабекованың сіңірген еңбегі орасан зор. Ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара сенім, тәртіп пен тұрақты еңбек – табыстың басты кепілі екенін олар іспен дәлелдеп отыр.
Сондай-ақ, Айданамен бірге өткен халықаралық турнирге қатысқан тағы бір жас таеквондошы – Арина Карпий да көпшіліктің көңілінен шықты. №51 орта мектептің 1-сынып оқушысы болса да, ол да өз жас санатында 1-орын алып, чемпиондық кубок иегері атанды. Арина – болашағынан үміт күттіретін спортшы қыздардың бірі.
Осындай талапты да талантты жасөспірімдердің жеңісі – ел үмітін ақтайтын зор жетістік. Олар – ертеңгі ел намысын қорғайтын, спорт арқылы Қазақстанның атын әлемге танытатын болашақ чемпиондар.