Газеттің әлеуметтік желідегі парақшаларына аудан тұрғындарынан аудандағы заңсыз жолаушы тасымалына қатысты шағымдар көптеп түсуде. Әсіресе, жұртшылықтың жиі қатынайтын бағыты – халыққа қызмет көрсету орталығы мен салық басқармасы бағытында жолаушы тасымалымен айналысатын такси жүргізушілерінің жолақы құнын соңғы кезде 120 теңгеден 150 теңгеде дейін қымбаттатып жібергені көптің ашуын туғызды. Бұл қалай сонда, «өзім би, өзім қожа» деп жолақы құнын өздері белгілей беретін жүргізушілердің мұндай әрекетін қалай түсінуге болады? Осы тұста туындайтын заңды сұрақ – құзырлы органдар қайда қарап отыр?
Әрине, ел ішінде қоғамдық қызметтің бұл түріне деген сұраныс көп-ақ. Алайда, такси қызметі әлі күнге дейін бір жүйеге келер емес: көліктеріміз «ала-құла», жүргізушілері дөрекі, мәдениеттен мақұрым. Ал шетелдік тәжірибеге сүйенсек, такси мемлекеттің ажырамас атрибуты іспеттес. Мәселен, құдай айдап АҚШ-тың бір штатына бара қалсаңыз, сары түсті таксиден аттап баса алмайсыз. Сондай-ақ, әйгілі Лондонда жүрсеңіз қара түсті такси, Берлинде – «Мерседес» маркалы такси қол астыңызда дей беріңіз, кез келген уақытта қызмет көрсетуге дайын. Ал біздегі такси қызметінің сапасы қандай? Ауыз толтырып айтпасақ та, қазір ірі қалаларда, облыс орталықтарында таксиді бір стандартқа келтіру науқаны жүріп жатыр. Әзірше тасымал көлігін «шаршы белдеумен» буып, бірыңғай таксометр орнату міндеттелуде. Алайда, «піспеген астың күйігі жаман» демекші, бұл істің де шала тұстары баршылық.
Тағы ескеретін жайт, таксиді жүргізуші де, оны тұтынушы да – қарапайым халық. Дерек-дәйектермен зерделесек, жергілікті халықтың көбісі автомобиль тасымалдаушылардың қызметіне жүгінеді екен. Әйткенмен адам өмірін қауіпке тігетін қатердің бір көзі де осы автокөліктерден келетін апаттар екенін тағы жоққа шығара алмаймыз.
Негізі, әртүрлі бағытта жолаушы тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілерін тексеретін болса, басым бөлігінде жолаушы тасуға рұқсаты болмай шығатыны айдан анық. Көліктері де талапқа сай емес. Ең сорақысы, олардың көбі өз істерінің заңсыз екендігінен бейхабар. Сол себепті де заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін такси қызметін сұрыптап, бір жүйеге келтіретін уақыт келген сияқты. Бұл ретте таксистерді жаппай тексеріп, «қырып-жою» керек деген әңгімеден аулақпыз.
Таяқтың екінші ұшы тағы бар. Таразының екінші жағында такси кәсібінен нәпақа тауып жүрген адамдардың тағдыры тартылған. Әрине, өз қызметін заңдастырып, бекітілген талапқа сай өз кәсібін дөңгелетіп отыратындарға ешқандай шектеу жоқ. Заңды түрде тіркеліп, салық төлеп отырған жүргізушілерге айтарымыз да жоқ. Тек, жолаушы тасымалдауда қауіпсіздік шараларын сақтап отырса болды.
Қандайда бір шұғыл шаруамен асыққанда алдыңнан шыға келетін таксилерге рахмет, әрине. Тек көбінесе, кейбір такси жүргізушілерінің өз бетінше баға белгілеп, «тұтынушы әрқашан да талап етуге құқылы», деген ұғымды ұмытып кететін сияқты. Мәселен, жасыратыны жоқ, көптеген жас ата-аналар өздері жұмыс істеп, кішкентай бөбектерін балабақшаға тасиды: таңертең апарып тастайды, кешке алып қайтады. Жол-жөнекей сол балабақшаға кіріп баланы алып кетуді өтінген аналардың тілегін елемейтін кейбір жүргізушілер бар. «Тек белгіленген маршрутпен жүреміз», «2-3 бала болса отырғызбаймыз», «әр бала үшін ақы төлеңіздер» деп «қатып» тұрып алатындар да бар. Мұндайда түсіністікпен қараса екен дейміз.
Мәселенің тағы бір бүйіріне келер болсақ, ол көліктің жағдайы. Көп көліктер ескі, қазіргі қысқы аязда ішіне отыра қалсаң, есік-тесігінен суық ауа шымшылап тұрады. Діттеген жерге жете алмай, көлік жолда бұзылып қалатын жағдайлар да болып тұрады. Өз көлігің болмаған соң, амалсыз көнесің.
Ия, мұндай мысалдарды көптеп келтіре берсе болады. Әңгіменің ұшы-қиыры бітпейді. Мұндағы жағдайдың тобықтай түйіні – ауданда қоғамдық көлік қызметін ұйымдастыру болар еді. Бағасы да арзандау, тек белгіленген уақытта, әсіресе, таңда жұртшылық жұмысқа асыққанда, сосын кешкі уақытта кешікпей жүріп тұрса болды. Қалаларда бұл мәселе оңды шешілген, ал ауылдық жерлерде сол күйі қалып отыр. Яғни, қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру – әлі шешімін күткен мәселе. Бұл сұраққа әлі оралатын боламыз.
Алуа ТҰРҒАНБАЕВА