ТАПСЫРМА МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛУЫ ТИІС

0

Сейсенбі күні аудан әкімі Бегзат Болатбековтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісінің отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіне 2 мәселе көтеріліп, толығымен талқыланды.

Алқалы жиын басталмай тұрып Бегзат Болатбеков жаңа тағайындалған лауазымды тұлғаларды жаңа жұмыс орнына орналасуымен құттықтады. Айта кетсек, жақында аудан әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесінің басшысы болып Танат Қабылтай, Алға ауылдық округінің әкімі болып Берік Әбілдаев, Қарасу ауылдық округінің әкімі болып Әлхан Жанияз тағайындалған еді. Аудан әкімі оларға жұмыстарына сәттілік тілей отырып, артылған сенімді абыроймен атқару қажеттігін атап өтті.

Осыдан кейін аудан басшысы бірінші мәселе – 2024 жылғы қаңтар-наурыз айларының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиеваға сөз кезегін берді. Светлана Жамалбайқызы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін нақты сан және дәйектермен баяндай келе, жұмыстағы бірқатар кемшін тұстарды да атап өтті. Мысалы салық, инвестиция тарту, міндетті әлеуметтік медициналық жарналарды төлеу, халықты жұмыспен қамту, ауылдардағы тазалық сынды мәселелерде кемшіліктер бар екен. Осы ретте Бегзат Болатбеков жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне сын айтып, барлық кемшіліктерді жою керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, Бегзат Сейсенқұлұлы осыған дейін жауапты тұлғаларға берілген тапсырмалардың орындалуы бойынша сұрады. Аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұлдың баяндамасында дәл осы тапсырмалардың орындалуы бойынша ақпарат ұсынылды. Осы ретте бірнеше бөлім және мекеме басшыларына да сын айтылды.

— Ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары халықпен кездесу барысында көтерілген сұрақтардың орындалуы бойынша 1-ші жарты жылдық қорытындысымен сұралады. Тапсырма уақытылы орындалмаған жағдайда қатаң сөгіс берілетіндігін ескертемін. Күнделікті жұмыстарыңызды мен берген хаттамалық тапсырмалардан бастауларыңыз қажет, — деді аудан әкімі.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.