Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Вандализмге жол жоқ» акциясы ұйымдастырылды.

0

«Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Жастар қанаты өткізген іс-шараға 50-ге жуық жас қатысып, тарихи орынның аумағын тазалап, ескерткіштер мен қоршауларға жазылған 150-ге жуық граффити жазуын өшірді.

Талас өзенінің оң жағалауында орналасқан «Тектұрмас» этнотарихи кешені – Тараз қаласының тарихын, түркі өркениетінің бай мұрасын танытатын маңызды нысандардың бірі. 24 гектар аумақты алып жатқан кешенге күн сайын қала тұрғындары мен қонақтары келіп, тарихи орынмен танысады. Сондықтан оның тазалығын сақтау және тарихи нысандарды бүлінуден қорғау – баршаға ортақ міндет.

Акцияның негізгі мақсаты – қоғамдық орындардағы тазалық мәдениетін қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауды насихаттау және жастар арасында вандализмнің алдын алу. Іс-шара барысында белсенді жастар кешен аумағын ретке келтіріп қана қоймай, ортақ мүлікке жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.