ТАРАЗ — ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

0

Жамбыл облысының орталығында төрт күнге жоспарланған халықаралық қолөнершілер көрмесі басталды. «Тараз – қолөнершілер қаласы» тақырыбында ұйымдастырылған ауқымды шараға алыс-жақын шетелдерден және еліміздің әр аумағынан қолөнершілер мен құрметті қонақтар қатысуда.
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов ҚР Мәдениет және спорт министрінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің «Аспара» брендінің бас дизайнері Айдархан Қалиев, «Шебер шаңырақ» мүгедектер ҚБ төрағасы Анар Бексұлтанова және Ресей, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикаларынан келген бірқатар қонақтар кездесті.
Кездесу барысында тараптар Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуіне қатысты орамды ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Облыс әкімі өз сөзінде 2000 жылдан астам тарихы бар Тараздың өткені өнегеге, тағылымға бай екенін, бүгінде құндылықтарды жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жоспарланып, қолға алынып жатқандығын жеткізді. Аймақ басшысы Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы статусына лайық екенін және оны оң бағалап, шешім шығарған сарапшыларға үлкен алғысын білдірді.
Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі
2014 жылдан бастап қалыптасып, Самарқан, Бұхара, Хиуа, Қоқан сияқты әлемнің елуден астам қаласы енгізілген.
Қасиетті Тараз осы тізімге енгізілетін еліміздегі алғашқы қалалардың бірі. Бұл тізімге қала өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуеті арқасында еніп, лайықты құрметке ие болып отыр, — деді Нұржан Нұржігітов.
Шара барысында Азия-Тынық мұхиты аймағы қолөнершілерінің дүниежүзілік кеңесінің вице-президенті Азиз Муртазаев Тараз қаласын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу бойынша сарапшылар комиссиясының қорытынды сертификатын Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ,елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар қолөнер шеберлерін марапаттады.
Ашылу салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты.
Төрт күнге жалғасатын халықаралық көрме аясында «ASPARA FASHION WEEK» сән апталығы, қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, Тараз қаласындағы тарихи нысандарға ақпараттық тур, дәңгелек үстел, суретшілер және қолөнершілер байқаулары, шеберлік-сағаттары және тағы да басқа шаралар жоспарланған.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.